Social

Берік Уәлидің төрағалығымен алғашқы әкімдік отырысы өтті 

Жиында су тасқынына дайындық барысы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының іске асырылуы, инклюзивті білімді дамыту, бұқаралық спорт түрлері мен спорттық инфрақұрылымды жаңғырту жайы талқыланды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 4656 шақырымды құрайды (облыстық – 1593 шақырым, аудандық – 3063 шақырым). Осы жолдардың бойында 130 көпір мен 2102 су өткізу құбыры орналасқан.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған су өткізу құбырларының 68 пайызы тазартылған.

Аймақ басшысы облыста көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жоспары бекітілгенін, жұмыстың барлығы соған сәйкес мерзімінде әрі сапалы жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Өңірдің барлық су қоймаларындағы су деңгейін жіті бақылап, су өткізу арналары, арықтар мен көпірлердің уақтылы тазалануын, су тасқыны қаупі бар аймақтардағы дамбалардың, инерттік материалдардың дайын болуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Көктем ерте шығады деген болжам бар. Сондықтан су тасқынына дайындықты қатаң бақылауға алыңыздар. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Төтенше жағдай туындаған уақытта тез арада жедел шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек» деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сондай-ақ ветеринария басқармасына, қала және аудан әкімдеріне мал қорымдарының санитарлық, техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.

Отырыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде облыста салынған медициналық-санитарлық нысандардың қазіргі жәй-күйі талқыланды. Облыс әкімі Құрылыс басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп медициналық нысандардағы абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым жұмысын толық аяқтауды міндеттеді.

«Аудан әкімдері жаңадан салынған медициналық нысандарды қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге көңіл бөліңіздер. Қызметтік пәтер беру кезінде денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарға басымдық беру қажет. Өйткені, қазіргі таңда қала-аудандарда 80 дәрігер жетіспейді» деді аймақ басшысы.

Отырыста тиісті басқарма өкілдері облыс әкіміне өңірде инклюзивті білімді дамыту, бұқаралық спорт түрлері мен спорттық инфрақұрылымды жаңғырту туралы баяндады. Аймақ басшысы Білім басқармасына ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button