Басты

Алматыда екі жаңа Оқушылар сарайы салынады

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев білім беру саласы қызметкерлерінің форумында балалардың сапалы білім алуы мен бос уақыттарын пайдалы өткізуді ұйымдастыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өткен жылы мен Алатау және Наурызбай аудандарында мектеп оқушыларына арналған екі көпсалалы Оқушылар сарайын салуды тапсырған болатынмын. Бүгінгі күні құрылыс үшін жер учаскелері бөлінді. Тиісті техникалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылады. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады», – деді әкім.

Сонымен қатар, ол қалада 23 мың баланы қамтитын 9 мемлекеттік музыкалық мектеп және 8 оқушылар үйі бар екенін атап өтті. Алайда, бұл оқушылар санының небәрі 9%-ын құрайды.

«Алға қойылған міндеттерді үкіметтік емес ұйымдармен бірге шешу үшін 2020-2021 жылдары спорт және мәдени-көңіл көтеру мекемелеріне, мектептен тыс қосымша білім беру мекемелеріне қала балаларын жаппай тарту мақсатында «Жол картасы» жасалды. Оны іске асыруға білім басқармасынан өзге, спорт, мәдениет, қоғамдық даму, қоғамдық денсаулық басқармалары да тартылатын болады»,– дейді Бақытжан Сағынтаев.

Қаладағы спорт, мәдениет нысандары, жастар орталықтары және басқа нысандар балалар үшін ашық әрі қолжетімді болады.

«Тек спорт саласының өзінде ғана Алатау ауданында бес денешынықтыру-сауықтыру кешендерін, теннис орталығын, шаңғы трамплининің халықаралық кешенінде жаңа нысандар салатын боламыз», – деп атап өтті шаһар басшысы.

Мәдениет саласында орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 10 кітапхана- филиалдары жаңартылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында қала музейлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, Almaty Creative Hub-тың креативті мәдениетінің стратегиясы қабылданды.

«Осылайша, қаланың барлық ресурстары және қолда бар мүмкіндіктері балаларды спортпен, шығармашылықпен, өздігінен білім алуға және өздігінен дамуына кеңінен тартуға бағытталған. Бұл біздің ортақ мақсатымыз болуы тиіс», – деді Б. Сағынтаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button