EconomyFinanceБасты

Қазақстан теңіз порттарында жүк айналымы 5 млн тоннадан асты

Қазақстан теңіз порттарындағы жүк айналымы 5 млн тоннадан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Түрлі тоннадағы кемелерге қызмет көрсететін Ақтау, Баутино және Құрық теңіз порттары – ел экономикасын одан әрі дамытуға мүмкіндігі мол дамушы теңіз порттары. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің «Қазақстан Республикасының порттарының теңіз әкімшілігі» республикалық мемлекеттік мекемесі – Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттарының акваториясында теңіз кемелерін пайдалану саласындағы бақылау-қадағалау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімше. 2019 жылдың қортындысында олардың жалпы жүк айналымы 5 млн тоннадан асты», – делінген баспасөз релизінде.

Мәлім етілгендей, Порттардың теңіз әкімшілігінің инспекторлары кемелерді теңізге шығар алдында тексеруді ҚР ратификациялаған халықаралық конвенцияға, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

«2019 жылдың басынан порттардың теңіз әкімшілігінің инспекторлары үш портта 4174 кеме кірісін рәсімдеді. Теңізге шығар алдында 340 кеме қаралды және 11 теңіз кемесіне айдынға шығуға рұқсат берілмеді. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін 56 әкімшілік іс қозғалды. Кемелерді тексеру барысында кеме құжаттары, тіркеу құжаттары, кеменің қолданыстағы куәліктері, кеме экипажының дипломдары мен куәліктері, авариялық құтқару құралдары, өрт сөндіру құралдары, навигациялық және механикалық жабдықтар, машина бөлімшесі, кеме корпусы, жүк маркасы, тасымалданатын жүктің құжаттары тексеріледі», – деді министрліктен.

ҚР Порттарының теңіз әкімшілігі құрылған сәттен бастап теңізшінің жеке куәлігі мен теңізде жүзу кітапшасы беріліп келеді. Ол қазақстандық теңізшілерге бүкіл әлемде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап теңізшінің кәсіби дипломын беру басталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button