Елордада жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Көмекке мұқтаж ата-аналар өтініштерін «Менің Атамекенім» порталында «Мектепке жол» платформасында қалдыра алады.
«Бұл платформа мұқтаж адамдар мен қайырымдылық жасаушылар арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта порталда Нұр-Сұлтаннан 3229 өтініш тіркелген. Кезек бойынша меценаттар мен кәсіпкерлер отбасыларға көмек көрсетеді», – деп атап өтті елорданың білім басқармасынан.
Мәлім етілгендей, тізімдегі алғашқы 10 отбасыға 15 тамызда планшеттер сыйға беріледі.
Жалпы, жыл басынан бері акция аясында 4203 мұқтаж оқушыға 42 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетілген.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, акция аясында көмек көрсетуге ниеттілер кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөліміне (телефондар нөмірлері: 8 701 187 68 68, 8 778 381 68 39) хабарласа алады.
«Айта кетейік, аз қамтылған отбасыларға көмек тұрақты негізде көрсетіледі. Жыл басынан бері балаларға смартфондар, ноутбуктер, киім-кешек, кітаптар, үстел ойындары сатып алынып, қаржылай көмек көрсетілді.
6 мамырда «Ситибанк» АҚ бастамасымен, БҰҰ Қорымен (ЮНИСЕФ) серіктестікте алты және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан ерекше қажеттіліктері бар балаларға, ауыр сырқаттары бар балаларға көмек көрсетілді. Жалпы, Нұр-Сұлтанда 40 балаға ноутбуктер таратылды», – деді елорда әкімдігінен.