СҚО-да героин сатты деген күдікпен ер адам ұсталды

Петропавлда есірткі өткізумен айналысты деген күдікпен 39 жастағы тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктіні полицейлер Жұмысшы кентінде ұстады. Оның тұрғылықты жерін тексеру барысында тәртіп сақшылары шамамен 75 грамм героин тәркіледі. Бұл мөлшер аса ірі көлемге жатады. Ер адамның айтуынша, героинді ол елордадан алып келген.
Медициналық куәландыру нәтижесі ұсталған адамның опиоидтарды қолданғанын көрсетті. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр.
Енді ұсталған күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұл — жыл басынан бері облыста героин анықталған жалғыз дерек. Жалпы, қаңтар айынан бастап СҚО-да полицейлер 39 есірткі құқық бұзушылығын тіркеп, заңсыз айналымнан 1600 грамнан астам түрлі есірткі затын тәркіледі. Оның 900 грамы – синтетикалық есірткі.



