SocialБасты

Биыл 5.8 мың шақырым жол ақылы болады

“ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Ақмола облысындағы қоғамдық тыңдауда өңірдің автожолдары қашан ақылы болатынын хабарлады.

Ақмола өңірінде төрт республикалық жол бар. Олардың екеуі – Нұр-Сұлтан-Щучинск және Нұр-Сұлтан-Қарағанды бағыттары бұрыннан ақылы.

Биыл Ақмоладағы Нұр-Сұлтан-Павлодар және Нұр-Сұлтан-Қостанай бағыттарында- ақы алудың ашық жүйесі енгізіледі. Елордадан еліміздің шығысына қарай шығатын жүрдек жол төрт жолақты болса, ал М-36 жолының Қостанайға дейінгі жалғасы екі жолақты болып қала береді. Бұл көлік қозғалысының жиілігіне байланысты. Мемлекеттік стандарт бойынша, көп жолақты тас жол бір тәулікте жүретін көліктердің саны 7 мыңнан асқанда ғана салынады, Қостанайға апаратын күре жолдағы көлік легі 5 мыңнан аспайды.

Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының ұзындығы – 396 км. Ақылы автожол учаскесі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ерейментау ауданы арқылы өтеді. Мұнда 7 бақылау аркасы орнатылған. Жол 1-техникалық санатқа жататындықтан, ондағы рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы сағатына 140 км болады.

Нұр-Сұлтан-Қостанай жолының ұзындығы – 650 км. Аталмыш ақылы учаскеде 9 арка орнатылып, олар осы көктемде тестілік режимде жұмыс істей бастайды. Айта кетсек, бұл жолда жүретін жеңіл көлік иелері жол жүру ақысын төлемейді, өйткені бұл учаске жолдары 2-ші және 3-ші техникалық санатқа жатады .

Қоғамдық тыңдауларда жергілікті тұрғындардың жиі қоятын сұрағы – “Ақылы жолдарға балама қарастырыла ма?”. “Қазавтожол” өкілдері “кейбір өңірлерде ақылыдан бөлек, тегін бағыттар да бар, алайда Қазақстанда жаңа балама жолдар салынбайды, өйткені “Автомобиль жолдары туралы” заңда мұндай міндеттемелер қарастырылмаған” – деп атап өтті Қазавтожол өкілдері.

Басқа аймақтардағыдай, Ақмола облысының тұрғындары “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-на ақылы трассаларда жарық орнату, жол бойындағы қоршауларды жақсарту, жол үстіне тосқауылдар мен қар ұстайтын қоршаулар орнату, трассадағы қарды уақытылы тазалау талаптарын қойды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен коммуналдық қызмет көліктеріне және жергілікті кәсіпкерлерге жолақысына байланысты жеңілдік қарастыруды ұсынды.

Тұрғындар тарапынан тың идеялар да айтылды: ақылы жол өтетін әрбір елді мекенде апаттық немесе қауіпті жағдайлар туралы ескерту үшін әр 20-30 км сайын электронды табло қою, жылы аялдамалар мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, ақылы учаскелерге қызмет көрсетуді бәсекелес ортаға беру, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азматтарды, көпбалалы аналарды төлемнен босату.

Анықтама: 2021 жылы мемлекет 5.8 мың км жолды ақылы етуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – қауіпсіздікті арттыру және республикалық автожолдарды күтіп-ұстауға арналған бюджет шығындарын қысқарту.

Басқа жаңалықтар

Back to top button