Жаз бойы 5 мыңнан астам жасөспірім ресми жұмысқа орналасты

2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электронды еңбек биржасы платформасында кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруға арналған «Менің жазғы каникулым» атты арнайы бөлім құрылды. Демалыс кезеңінде 14 пен 18 жас аралығындағы барлығы 5,4 мың қазақстандық жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Жалпы, жаз айларында 16-18 жас аралығындағы жастар 13,6 мың түйіндеме, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің ата-аналары 356 жеке кабинет ашып, оның ішінде 112 адам 129 түйіндеме жариялады.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14 жастан бастап ресми түрде жұмыс істеуге тек денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқуға кедергі жасамайтын, сабақтан тыс уақытта орындалатын жұмыстарға ғана рұқсат етіледі.
«Осы талаптарға сай келетін шамамен 80 мамандық белгіленген, олардың қатарына тәрбиешінің көмекшісі, дүкен сатушысы, тазалаушы-жуушы, SMM-менеджер, курьер және басқа да қызметтер жатады. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Менің жазғы каникулым» бөлімінде 305 жұмыс берушіден осындай 2,1 мың бос жұмыс орны жарияланған», – делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұл бос жұмыс орындарын тікелей жұмыс берушілердің өздері ұсынады, сондықтан кейбір өңірлерде мұндай ұсыныстар болмауы мүмкін. Бұл функционал кәмелетке толмағандарды каникул кезеңінде жұмысқа орналастыру үшін алдағы уақытта да қолжетімді болады. Ол үшін жұмыс беруші бос жұмыс орнын жариялаған кезде тиісті белгіні қоюы қажет.