SocialБасты

БҚО: Ақылы автожолдардың барлық жаңалықтары мен жұмыс қағидаттары қоғамдық тыңдауда айтылды

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Теректі ауданында ақылы автожол желісін кеңейту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Ақылы автожолдардың тақырыбы БҚО үшін өзекті бола түсуде: көршілес РФ Самара және Саратов бағытындағы халықаралық маңызы бар екі тас жол, сондай-ақ Орал мен Ақтөбені байланыстыратын көлік артериясы жақын арада заманауи, ыңғайлы және қауіпсіз тас жолға айналып, аталмыш жолда ақы алынатын болады. Айта кету керек, жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көліктерінен алынады, жеңіл көліктерге тегін.

Үш автотрассада жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және жолға, оның жабынына, инфрақұрылымға тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен тестілік режимде іске қосылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Орал қаласы мен Теректі ауданында өткен қоғамдық тыңдауларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің барлық жаңалықтары мен жұмыс қағидаттары туралы түсіндіріп берді.

Мамандар ақылы жол учаскелері қауіпсіз, үнемі жөнделетінін және жол төсемі мен жол бойындағы сервистік қызметі өзге жолдарға қарағанда сапалы екенін атап өтті.

Сондай-ақ, олар Орал-Ақтөбе жолында және Орал-Самара, Орал-Саратов жолдарының қазақстандық учаскелерінде пилоттық режимде 3 бақылау аркасы және клиенттермен жұмыс істейтін орталық орнатылғанын хабарлады.

Аркалардағы жоғары жылдамдықты камералар ақылы учаскелер бойынша автомобильдердің жүруін, олардың қозғалу жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейтін болады.

Бұл ретте күре жолдарда тұрақты төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Кедергілер қойылмағандықтан, жол бойында кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады.

Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз тәсілмен және алдын ала төлем бойынша жүргізілетін болады. Бұл да қауіпсіздік саясатының бір бөлігі, өйткені жүргізушілер ақы төлеуге назарын аудармай, алаңсыз көлікті жүргізе береді.

Батыс Қазақстан өңіріндегі 3 күре жолда жүру ақысы тек коммерциялық жүк көліктерінен алынатын болады. Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын өзінің сервис көрсету қызметін де қамтамасыз етеді.

Атап айтқанда, сервистік қызмет жолды тәулік бойы патрульдеуді жүзеге асырады, техникалық және өзге де проблемалар туындаған кезде жүргізушілерге көмек көрсетеді, жол жабынының, жарықтандыру, жол белгілері ақауларын жедел жөндеу, жол мен жол инфрақұрылымын қоқыстан, қардан тазартады, жүргізушілерді хабардар ету жүйелерінің жұмысын бақылайды, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйелерін белсенді түрде енгізеді.

Ұлттық компания өкілдері БҚО-да қауіпсіз және жайлы ақылы автожолдар желісін дамыту өңірді – ірі көлік-логистикалық торапқа айналдыратынын ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, жол бойында бизнес нысандарын ашуға, жүргізуге және кеңейтуге жақсы жағдай жасайды.

Айта кетсек, ақылы жолдар аймақтың көптеген тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Себебі қауіпсіздік пен бейнетіркеу жүйелерін орнату және қызмет көрсету, сондай-ақ патрульдеу, жол жабыны мен жол бойындағы инфрақұрылымды тазалау және күтуге қызметкерлер ақылы жол ашылған қала, аудан аумағынан ғана алынатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button