Қазақстандық ғалымдар Кеңгір су қоймасын тазарту жобасын әзірлеп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығының, Назарбаев Университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» РМК мамандары Кеңгір су қоймасының су сапасын биологиялық және биотехнологиялық әдістермен жақсарту бойынша пилоттық жоба әзірлеп жатыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жоба бойынша су қоймасын бақылау және тазарту үшін табиғи және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз материалдарды қолдана отырып, заманауи технологияларды әзірлеп, енгізу көзделген. Бұл шаралар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, су сапасын қалпына келтіруге және су айдынындағы биологиялық әртүрлілікті арттыруға бағытталған.
Жоспарланған іс-шараларға заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, су қоймасының жағдайына диагностика жүргізу, улы ластаушыларды тазарту және бейтараптандыру үшін табиғи немесе синтезделген адсорбенттерді қолдану, су қоймасы үшін тиімді бактерия штаммдарын таңдау және енгізу, тоған балықтарын жіберу, өзендердің сағаларында сүзгілеу аймақтарын құру, су температурасын, оттегі мен сутегі деңгейін бақылау үшін датчиктер орнату, ай сайын зертханалық талдау үшін су сынамаларын алу жатады.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2 жыл. Барлық қажетті жұмыстарды 2026-2027 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.
«Бұған дейін Кеңгір су қоймасында мұндай зерттеулер мен жобалар жүргізілмеген. Бұл нысан Жезқазған қаласы мен оған іргелес аудандарды сумен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ аймақтың флорасы мен фаунасы үшін маңызды мекендеу орны саналады. Қазақстандық ғалымдар әзірлеп жатқан жоба Орталық Қазақстан үшін бірегей су қоймасын қалпына келтіруге арналған ғылыми және практикалық негізді қалыптастырады. Онда суды биотехнологиялық, химиялық және инженерлік тәсілдермен, экологияға зиян келтірмей тазарту көзделген», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Кеңгір су қоймасы – Ұлытау облысындағы ең ірі су қоймасы. Оның көлемі – 319 млн текше метр. Биыл наурыз айында Үкімет қаулысымен нысан мемлекет меншігіне қабылданды.