EcoБасты

Елордада рұқсат етілмеген орындардан 37 мың тонна қоқыс жиналды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жыл басынан бері экологиялық полициямен бірлесіп 50-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылғанын, ал полигонға 37 мың тоннадан астам қалдық шығарылғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз. Өз пайдасы үшін немесе қатты-тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға шығаруға уақыт жұмсағысы келмей заңнаманы бұзатын экология зиянкестері тарапынан мұндай іс-әрекеттердің жолын одан әрі қатаң түрде тоқтататын боламыз. Тек осы жылдың басынан бастап экологиялық полициямен бірлесіп 50-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жойдық. Полигонға 37 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Бүгін қосымша шаралар қабылдау және ҚТҚ үшін рұқсат етілмеген орындардың пайда болуына жол бермеу үшін аудандық әкімдіктермен, экологиялық полициямен, қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындармен және т. б. кездесу өткізді.

Бірінші. Экологияны және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін осы жылдың өзінде «Солтүстік жотасы» карьерін одан әрі рекультивациялай отырып, құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң жұмысын бастаймыз.

Алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары және т. б. сияқты құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Сонымен қатар, мысалы, құрылыс қалдықтарының 50%-ын қиыршық тасқа, 10-15%-ын арматураға және т. б. өңдеуге болады.

Екінші. Қоқыс өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл кәсіпорынның қуатын екі есеге – жылына 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қалдықтарды сұрыптау жартылай автоматты түрге ауыстырылады. Полигонның өзі екі ұяшықтан тұрады.

Үшінші. Құрылыс қалдықтарын заңсыз орындарға әкетуді тоқтату фактілері бойынша құрылыс нысандарына мониторинг және рейдтер жүргізу бойынша жедел топтың жұмысын күшейтуді тапсырдым. Себебі негізгі тәртіп бұзушылар – құрылыс ұйымдары.

Төртінші. Арнайы бөлінген орындарға қоқыс шығару үшін компаниялармен келісімшарт жасаспаған құрылыс компанияларына қосымша қорытынды жасау қажет. Қасақана бұзушылықтар болған жағдайда, біз құрылыс нысандарындағы жұмыс лицензиясын тоқтата тұрамыз.

Бесінші. Заң бұзушыларды да 109ikomek-бейнебақылау жүйесі арқылы анықтаймыз. Мәселен, тек 20 сәуір мен 31 мамыр аралығында камералар арқылы 24 тәртіп бұзушылық фактісі тіркелді. Жүргізушілер жауапқа тартылды. Камералар санын көбейтеміз», — деп жазды елорда әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button