Social

МӘМС жүйесіндегі өзгерістер туралы нені білу керек?

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым пациенттерге және жалпы жүйеге қалай әсер ететіні туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсіндірме берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Қазіргі таңда халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған күйінде қалып отыр.

2024 жылғы 7 шілдеде өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды: «Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сақтандыру жүйесіне жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс».

Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа шаралар енгізілді. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл деңгейлерге (D және E) жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.

Бұл шаралардың нәтижесінде 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 миллионға жуық адам қамтылады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жүйеге жаңа норма енгізіледі: кемінде бес жыл қатарынан МӘМС жарналарын төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты ай бойы «сақтандырылған» мәртебесін сақтай алады (бұрын бұл мерзім үш ай болатын).

Мысалы, егер адам жұмыс істеп, осы уақыт бойы жарналарды тұрақты төлеп келген болса, бірақ кейіннен жұмысынан айырылып, табысынан қағылса, ол МӘМС аясында медициналық қызметтерді ала алады. Алайда кейіннен осы өткізіп алған айлар үшін берешегін өтеуі қажет болады.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) тізбесіне енгізіледі және азаматтардың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, барлығына тегін болады.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар 8 ауруға (туберкулез, ВИЧ, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, сирек (орфандық) аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульттер) күдік туындаған жағдайда тегін кеңестік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Бұрын мұндай көмек тек 2 ауру (ВИЧ және туберкулез) бойынша ғана қолжетімді болатын.

2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, сондай-ақ 12 топтағы созылмалы аурулар бойынша жоспарлы түрде жүргізілетін кеңестік-диагностикалық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек МӘМС-тің базалық пакеті құрамына енеді. Бұл ауруларға бауыр аурулары; қан және қан түзетін ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безінің аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің қабынусыз жыныс аурулары; бронхөкпелік дисплазия; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады.

Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.

Осыған байланысты 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін жаңа шекті мөлшер енгізіледі: жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ. Бұл шешім жүйенің тұрақтылығы мен салықтық жүктеменің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Аталған шара жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындар бойынша жауапкершілікті барлық азамат арасында әділетті және тең дәрежеде бөлу қағидатын іске асыруға жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button