SocialБасты

Өскемендік тасымалдаушылар автопарктерді жаңартуды жоспарлап отыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласының тасымалдаушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс орталығының трамвай және автобус парктерінің өкілдері Қазақстанның басқа қалаларында енгізілген электронды билет мәселесін көтерді. Бұл жүйе жолаушылар тасымалы саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, автобус иелерімен ынтымақтаса жұмыс істейтін жергілікті автопарктер үшін өзекті әрі тиімді болмақ.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар субсидиялау мәселелерін талқылады. Жолаушы тасымалдау саласы өкілдерінің айтуынша, электронды билет жүйесі жеңілдетілген санаттағы жолаушылардың нақты санын көрсете алады. Алынған мәліметтер бөлінген субсидиялардың мөлшерін де дәл есептеуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – автобус паркін жаңарту. Жаңа көлік сатып алғанның пайдасы көп. Ол жолаушыларға жайлы, маршруттарға қызмет көрсетуге арналған конкурс шарттарының сақталуын және ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Облыс орталығының кейбір компаниялары техниканы лизингке алуға ниетті, оның үстіне мемлекет пен Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсетуге дайын.

Кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, тасымалдаушылар өз саласын дамыту жоспарын жасайды, басқа мәселелерден бөлек бағыттарды өзгерту жөнінде ұсыныстарын дайындайды, сондай-ақ автопарктердің жылжымалы құрамын жаңарту механизмдері енгізілетін болады. Келесі кездесу екі айдан кейін өтеді. Ол кезде нақты шешімдер шығады, деп жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button