SocialБасты

Медицина қызметкерлері күніне орай балалар арасында сурет салудан челлендж ұйымдастырылды

Бүлдіршіндер коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлерінің бейнесін салды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Әкімдік мәліметінше, бұл челленджді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырып, алдағы медицина қызметкерлері күніне орайластырған. Балалар сурет арқылы денсаулық сақтау туралы көзқарасын, әртүрлі аурулардан қалай сақтану керектігін жеткізді. Кішкентай Амелия өзінің суретінде баланы әртүрлі вирустан қорғайтын дәрігерді бейнелеген. Осылайша, дәрігерлер халықты аурудан құтқаратынын көрсеткісі келген.

«Олар бізді түрлі аурудан қорғап, қамқорлық жасайды. Суретте мені емдеп, аурудан қорғайтын анамды бейнеледім», – дейді №6 қалалық емхана қызметкерінің бүлдіршіні.

Тағы бір суретте жедел жәрдем көлігін бақылап тұрған кішкентай бала бейнеленген. Белгілі болғандай, Алпат 103 қызметінің шақыртуға кетіп бара жатқанын көріп, естен кетпес әсер алған.

«Терезеден 103 саны бар машинаның сиренасын қосып, бір жерге асығыс кетіп бара жатқанын көрдім. Жанымда тұрған ағам жағдайы мүшкіл науқастарға баратынын айтты», – дейді Алпат.

Алпаттың ата-анасы №2 көпсалалы қалалық ауруханада жұмыс істейді.

«Ұлымыз жедел жәрдем бригадасын «супер қаһарман» деп атайды. Ол адамдарды құтқарады деп санайды. Оның мұндай түсінігіне қуанып, дұрыс ойлайтынын айтамыз. Ұлымыз үшін олар нағыз батыр болсын», – дейді Әмина есімді анасы.

2-сынып оқушысы Айбота ақ халаттағы кішкентай қызды салған. Оның анасы – елордалық аурухана қызметкері. Анасы қызының болашақта дәрігер болуды армандайтынын айтты.

«Ол өзін бейнеледі. «Анашым, мен сен сияқты боламын» дейді. Бұл балалық арманы болғанмен, кім біледі, мүмкін отбасымызда тағы бір дәрігер өсіп жатқан болар», – дейді ол.

Суреттер челленджі 3-10 жас аралығындағы балалар арасында өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button