Education

12 қазақстандық оқушы Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына қатысады

Жасанды интеллект саласын дамыту үшін кадрларды даярлау маңызды болып тұр
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Мәселен, биыл ведомство Спорттық бағдарламалау федерациясымен бірлесіп, ең алғашқы AI Olymp – республикалық жасанды интеллект олимпиадасын өткізді. Шараға түрлі аймақтан 700-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі – іріктеу кезеңі. Ол онлайн форматта өтті. Іріктеу кезінде үздік нәтиже көрсеткен 40 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Олар Астанаға шақырылып, өзара бақ сынасты. Үздік болып танылған 12 оқушы арнайы дайындықтан өтіп, тамыз айының басында Бейжің қаласындағы Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына қатысады.

Оған қоса, қазір Министрлік мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект курсын өткізіп жатыр.

«Бүгінге дейін 16 мыңнан астам мемлекеттік қызметші осы курстан өтті. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 30 мыңға жуық қызметші аталған курстан өтеді. Қатысушылар жасанды интеллект құралдары, промпт-инжениринг сынды тетіктерді меңгереді», – деді спикер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button