EducationБасты

Мемлекет жастардың мұғалім атануға ұмтылысын әрі қарай да қолдайды – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикада барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар талқыланды, деп мәлімдейді Рrimeminister.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгінгі таңда елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша лицензиялары бар екенін, онда барлығы 186 мыңнан астам адам білім алатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.

Соңғы жылдары педагогикалық бағыттар бойынша тағайындалған гранттар саны бірнеше есе өсіп,15 923-ке жетті. Олардың құны да екі есе өсті. Студенттердің шәкіртақылары да көтерілді. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді.

Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасуда, бүгінде 72%-ы жаңартылды. Жалпы осы және басқа да өзгерістер педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазіргі уақытта колледждер базасында педагогикалық мамандықтар бойынша 80 мыңнан астам студент білім алатынын айтты. Олардың 43 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Колледждер балабақша тәрбиешілерін, бастауыш сыныптары және қосымша білім берудегі, сондай-ақ еңбек пен музыка мұғалімдерін дайындайды.

Кадрларды даярлау және әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатында «Педагог» кәсіби стандарты бекітілді. Оның негізінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 554 білім беру бағдарламасын жаңартып, іске асыруда. Бұл ретте 6 мыңнан астам педагогтың біліктілігі арттырылды.

Республикадағы қажеттіліктерді ескере отырып, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарды ашу үшін колледждерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Ол үшін тиісті лицензиялар болуы және түлектердің кем дегенде 90%-ы жұмыспен қамтылуы керек.

Үкімет басшысының айтуынша, білім беру процесінің жетістігі, ең алдымен, педагогтың кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан педагог-кадрларды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп отыру – уақыт талабы.

«Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі», — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса республикада педагогтың беделі мен мәртебесін арттыру үшін оның ішінде заңнамалық тұрғыдан да көп жұмыс атқарылды.

«Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша шаралар кешені қабылданды. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы – дұрыс», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111.

«Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған “бәріне мұғалім кінәлі” деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге ұлғайтылғанын еске салды. Биыл мемлекеттік грант алуға үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдірген.

«Енді оқыту сапасын арттырып, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажет. Оқу бағдарламаларын жаңғыртып, оларға сұранысқа ие құзыреттерді қосу керек. Қазіргі заманғы талаптардың барлығын ескеру қажет», — деді Премьер-Министр.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарауды тапсырды.

«Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15 ақпанға дейін қабылдау керек», — деді ол.

Оған қоса жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді механизмдерін әзірлеп, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жасау қажет.

«Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының бала-бақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керек. Бұдан басқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button