EconomyБасты

Қазақстандық компанияларға рейтингтік қызметтер әлдеқайда қолжетімді болады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталып өтті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚНРДА Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Әділ Мамажанов атап өткендей, ұсынылған заң жобасы кредиттік рейтингтік агенттіктерді реттеудің кешенді тәсілін көздейді.

Біріншіден, кредиттік рейтингтік агенттіктердің нақты санаттары белгіленеді, оған үш санат кіреді. Біріншісі – ол халықаралық рейтингтік агенттіктер. Олар ЭЫДҰ елдерінің қаржы реттеушілері мойындаған агенттіктер болып табылады. Сондай-ақ бұл – шетелдік рейтингтік агенттіктер. Олар – Қазақстаннан тыс жерлерде тіркелген агенттіктер. Үшіншісі – жергілікті рейтингтік агенттіктер.

Спикер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің функциялары мен өкілеттіктері бекітілгенін айтып өтті. Олардың қатарына мыналар кіреді:

– Халықаралық, шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану рәсімдерін белгілеу;
– Олардың қызметін қадағалау және белгіленген стандарттардың сақталуын бақылау;
– Мүдделер қақтығысын басқару тетіктерін реттеу;
– Ақпаратты ашу және корпоративтік басқару жөніндегі талаптарды айқындау.

«Заңды қолданысқа енгізу нәтижелері мен тиімділігіне келетін болсақ, осы заң жобасын қабылдау бірқатар оң өзгеріске алып келеді. Маңыздыларын атап айтатын болсақ, біріншіден, ол халықаралық ойыншылармен тең дәрежеде жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті қазақстандық рейтингтік агенттік құру. Екіншіден, шағын және орта бизнесті қоса алғанда, қазақстандық компаниялар үшін рейтингтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Бұл корпоративтік облигациялар мен қорғалған активтер нарығын одан әрі дамыту, бұл бизнеске неғұрлым тиімді шарттармен қаржыландыруды алуға мүмкіндік береді. Қаржы нарығына деген сенімді нығайтатын біліктілігі жоқ инвесторларды қорғауды қамтамасыз ету. Халықаралық рейтингтік агенттіктерге тәуелділіктің төмендеуі, бұл ұлттық қаржы жүйесінің дербестігін арттырады», – деді Әділ Мамажанов.

Спикер аталған заң жобасын іске асыру Қазақстанның қаржы секторын дамытудағы маңызды қадам болатынын айтты. Құжат ұлттық экономиканың халықаралық стандарттары мен қажеттіліктеріне сай келетін кредиттік рейтингтік қызметтердің ашық және тиімді нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button