
Абай облысының әкімі Берік Уәли облыс орталығындағы ірі жылу қазандықтары мен №1 жылу электр орталығына барып, жұмысымен танысты
Қаланың оң жағалауындағы «Ғаббасов» қазандығы 70 көпқабатты үй, 15 әлеуметтік, 155 коммерциялық нысан мен 23 бюджеттік мекемені жылумен қамтамасыз етеді. 2025 жылы «103-103а» және «Ғаббасов» қазандықтары арасындағы жылу желілерін жалғастырғыш салу, «Орталық» жылу қазандығында коллектор мен сорғыны ауыстыру жоспарланған.
Қазіргі таңда Қарағайлы ықшам ауданында блокты модулды қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Жоба жеке инвестордың қаржысына жүзеге асырылуда. Нысан іске қосылған кезде аудандағы 44 көпқабатты үй мен 1200 орындық мектеп және өзге де әлеуметтік нысандар жылумен қамтылады.
Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков аймақ басшысына қаладағы жылу орталықтарының жұмысы мен №3 ЖЭО құрылысы туралы баяндады. Берік Уәли жылуға жауапты басшыларға апатты жағдайға жол бермес үшін жылу жүйелерін үнемі бақылауда ұстап, тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде ден қоюды тапсырды.
2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында облыста 22 жоба ақталды. Осы жобалар шеңберінде 26,1 шақырым жылу желісі мен 17 жылу көздерінде жұмыс жүргізілді. Семейде 14,7 шақырым қайта жаңарту, 4,8 шақырым желі мен 10 жылу көздері ағымдағы жөндеуден өтті. Жұмыстың нәтижесінде облыстың жылу желілерінің тозуы 64,2%-дан 60,3%-ға дейін төмендеді. 2025 жылы 5 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім жолданды.
Аймақ басшысы сол жағалауда салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен де танысты. Ғимараттың жалпы аумағы – 2,1 га, ауданы – 9 800 шаршы метр.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталған. Жобаға сәйкес Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, спорттық-сауықтыру, гуманитарлық, психологиялық, тарихи-өлкетану сынды алты негізгі бағытқа бөлінген.
«Бұл нысан біздің қала үшін маңызды. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан ғимарат құрылысын дер кезінде аяқтау қажет. Әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», – деді Берік Уәли.