EducationБасты

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты жабылу алдында тұр

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету Комитеті жүргізген қайта тексерудің нәтижелері осындай болды.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін жоо-да тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша Комитет қызметкерлері түрлі бұзушылықтарды анықтады. Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» институтына ұйғарым беріліп, оқу орнына барлық сәйкессіздікті жоюға уақыт берілді. Алайда, жоғары оқу орны берілген уақытты білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүргізу мәселесіне емес, сот талқылауына және ҚР БҒМ комитетінің іс-әрекеттеріне шағымдануға жұмсады.

«Жоғары оқу орындарында тексеру жұмыстарын білім беру сапасы мен кадрлар даярлауды жақсарту үшін жүргізетінімізді түсіну маңызды. Бұл ретте біз жоо-ларды лицензиядан бірден айырмаймыз және оларды бірден жаппаймыз. Жоғары оқу орындарына бұзушылықтарды жоюға уақыт берілгенімен, ешқандай әрекет болған жоқ. Осыған байланысты біз кейінірек қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін жағдай жасап, білім беру бағдарламаларының сапасын жақсартуға қол жеткізуі маңызды. Әйтпесе, жосықсыз университеттер сапалы біліммен қамтамасыз етпей, диплом беруді жалғастыратын болады. «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтына келетін болсақ, соңғы тексеру осы жылдың маусым айында жүргізілді. Бұзушылықтар жойылған жоқ. Әңгіме материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және оқу процесін ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер туралы болып отыр. Университеттегі кейбір пәндерді тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар жүргізген. Тіпті оқу процесі мерзімінен бұрын аяқтап, нәтижесінде студенттер білім беру бағдарламаларын толық игере алмаған. Қазіргі таңда институт оқу орнын лицензиядан айыру туралы қабылдаған шешімімізге наразылық білдіруге тырысып жатыр», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Бүгінгі таңда «Ақмешіт» институтының білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ. Алайда, дипломдардың жарамсыз болғандығына қарамастан, институт оларды БҒМ-де тіркелген сериялар мен нөмірлерсіз берген.

Сондықтан студенттердің назарын жоғары оқу орындары лицензиядан айырылған болса және жоо аккредиттеуден өтпеген жағдайда, білім алушылар гранттарды сақтай отырып әрі игерілген кредиттер мен пәндерді қайта тапсырып, басқа жоғары оқу орындарына ауысуға құқылы екендігіне аударамыз.

Осы жылдың түлектері басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады, және олардың оқу нәтижелері ескеріліп, диплом беріледі.

Бұл жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында көзделген.

Талапкерлер мен ата-аналарды жоғары оқу орнын таңдау мәселесіне мұқият болуға шақырамыз. Осы ретте оқу орны ұсынып отырған білімнің сапасын, болашақта жұмысқа орналасудың перспективалары, жоғары оқу орнының беделі мен рейтингтегі орнын ескеру қажет. Жоо рейтингін ҚР БҒМ тапсырысы бойынша «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button