AgroБасты

ҚР Үкіметі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетеді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны кезінде негізгі астықты өңірлерде толассыз жауған жауын-шашын астықтың өнімділігі мен сапасына әсер еткенін атап өтті. Осыған байланысты егіншілер өнімді сату және келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау кезінде қиындықтарға кезігуі мүмкін.

Мемлекет басшысының биылғы ауа райы қолайсыздығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мынадай шараларды қабылдау ұсынылды:

  •  форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасын 3 класты бидай үшін 120 мың теңге және 4 класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгілеу;
  • форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша фермерге міндеттемелерді айыппұл төлемдерінсіз ақшалай қаражат арқылы немесе 1,05% не 5% коэффициент бойынша 3 класты бидайды 4 класқа ауыстыру арқылы орындауға мүмкіндік беру;
  • міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін банк сыйақыларын 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру.

Министр аталған шаралармен бірге фермерлер «Азық-түлік корпорациясының» астықты, әсіресе жемдік бидайды егіншілерден тікелей сатып алу мәселесін көтеріп отырғанын атап өтті. Бұл астық нарығына әсер етуге және сол арқылы астық өндірушілердің қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айтылғандарды ескере отырып, 350 мың тонна көлемінде астықты келесі бағамен сатып алуды жүзеге асыру ұсынылды: 4 класты бидай үшін – 105 мың теңге, 5 класты бидай үшін – 90 мың теңге, класқа жатпайтын бидай үшін – 70 мың теңге.

Бұл ретте, сатып алу бюджеттен тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жүзеге асырылатын болады.

Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік комиссия мүшелері ұсынылған шараларды қолдады. Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі жұмысты дереу бастауды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button