Туризм саласындағы негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемі екі есе артты
Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында туризм саласындағы негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемі өскені байқалады. Осы кезеңде көрсеткіш 271,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. 2023 жылы инвестиция көлемі 130,1 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Туризм саласындағы негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемі 14 бағыт бойынша бағаланады. Оларға өнер, тамақтану, ойын-сауық, демалыс және жатын орындары, көлік, кітапханалар, мұрағаттар мен мұражайлар, жалға беру қызметтері, туристік бизнес, спорт және демалыс ұйымдастыратын мекемелер кіреді.
9 облыста инвестиция көлемінің артқаны анықталды. Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарында көрсеткіштің айтарлықтай өскені белгілі болды.
«Бұл көрсеткіштер туризм саласының инвесторлар үшін тартымды бола түскенін дәлелдейді. Біз саланы одан әрі дамытып, оған капитал тарту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.