Азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Атырау облысында (6,8%) тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханов айтты.
«Осы жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасы 4,8% өсті. Аталған өсім өткен жылы қаңтар-сәуір айларында тіркелген 5,5% көрсеткіштен төмен. Дегенмен биыл сәуір айында бағалар 1,7% қымбаттады. Ең жоғары баға өсімі Атырау облысында (6,8%), Нұр-Сұлтан (6,3%) және Шымкент қалаларында (5,6%) тіркелді. Бағаның ең төмен өсімі Алматы (4,0%), Қарағанды (4,3%) және Қызылорда облысында (4,4%) байқалған», – дейді Бақыт Тұрлыханов.
Оның айтуынша, бағаның өсуіне импортқа тәуелді өнімдер, оның ішінде қант, қарақұм жармасы, күнбағыс майы сияқты жоғары экспорттық сұранысқа ие тауарлар себеп болып отыр.
Сондай-ақ, маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде бағаның өсімі байқалады. Баға өсімі әлемдегі барлық елде тіркелді.