ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтау курорттық аймағының инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жаңа қонақ үй-туристік кешендердің құрылысын бастап берді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтау қаласының курорттық аймағының инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары Р. Скляр, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, энергетика министрі Н. Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. Қамалиев баяндады.
Ақтау қаласының курорттық аймағын дамытудың 2-ші кезеңі аясында әуежайдан келетін автомобиль жолын төрт жолаққа дейін кеңейту, газ құбырын, сондай-ақ сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау жүйелерін салу көзделген.
Үкімет басшысы Ақтау қаласының курорттық аймағының инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүргізу жобаларының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
А. Мамин отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп Fairmont, Double Tree by Hilton, Movenpick Hotels and Resorts брендтерімен салынатын отельдердің, гольф-клуб пен тақырыптық ойын-сауық паркі құрылысын бастау рәсіміне қатысты.