Social

Астана тұрғындарының 40 пайызға жуығы спортпен үнемі шұғылданады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астанада бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Елордада тұрғындарды спортпен қалай тарту туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Корбозов айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Астанада дене шынықтыру, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы 1081 ұжым қызметін жүзеге асырады, онда сабақтарға жүйелі түрде 551 692 адам қатысады, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 39,1% құрайды.

Қаланың төрт ауданында дене шынықтырумен жаппай айналысуға бүкіл халық үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жоспарланған, олардың үшеуі «Көктал-2», «Өндіріс» және «Үркер» тұрғын алаптарында пайдалануға берілген. Онда 10 спорт түрінен мыңдаған бала жаттығады.

«2024 жылға «Теміржолшылар» тұрғын алабындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Akbars Astana» ЖШС құрылыс салушысынан жаңа форматтағы көпфункционалды спорт орталығы сияқты спорт нысандарын тапсыру жоспарланған. Тәжірибе көрсеткендей, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын алаптарда тұрғындар арасында спортпен шұғылданатындар саны едәуір өсті. Сондай-ақ қалада Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион мен «Қазақстан» спорт сарайына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.

Астанада 1000 адамға шаққанда халықтың спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі 34,25% құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button