ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильдегі Қазақстан азаматтарының жағдайы туралы айтты.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның батысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған қатты жер сілкінісі туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдады.
Осы қиын сәтте қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ бүкіл ауған халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Жарақат алған Ауғанстанның барлық азаматтарына тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Осыған байланысты қазақстандық тарап ауған халқына тиісті жедел көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдейміз» – деді ол.
Үстіміздегі жылдың 7 қазанында Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті.
Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс жедел желісі ашылды.
«Осы екі күн ішінде отандастарымыздан 500-ден астам қоңыраулар мен сұраулар келіп түсіп, оларға жауап берілді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшіліктің консулдық есебіне 77 азамат тіркелген (Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда). Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 5 студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық жергілікті түрлі медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтуде (барлығы 112 адам).
Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен өзара жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде арнайы чат құрды. Қазіргі уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық ҚР азаматы қосылған. Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты, ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарымызға әртүрлі мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Израильдегі барлық азаматтарымыз сабырлық сақтап, дипломаттарға қажетті ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының барлық талаптары мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап келеді.
Бүгінгі таңда бізге Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан Елшілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды одан әрі қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастыру бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірді. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы Халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлаймыз.
Бұл ретте, осы бір-екі күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репатриациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр.
Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Шетелдегі отандастарымыздың назарына, Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық мекемелерінде консулдық есепке тұру қажеттілігіне тағы да еске саламыз. Бұл процедура ерікті түрде және тегін жасалады, сондай-ақ қашықтықтан жасауға да болады. Есепке тұру үшін консулға тиісті ақпаратты, яғни төлқұжаттың көшірмесін, байланыс деректерін және тұрғылықты мекен-жайын жіберу қажет. Бұл ақпарат дипломаттарға төтенше жағдайларда біздің азаматтармен жедел байланыс орнатуды және қажетті көмек көрсетуді әлдеқайда жеңілдетеді» – деді Айбек Смадияров.
ҚР СІМ жедел желісі:
+7 (7172) 72-05-00.
Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің жедел желісі:
+972 55 273 38 13;
+972 (3) 741-78-05;
+7 (700) 111-31-96 (мессенджер).