TechӘлем

Әлихан Смайылов Қазақстанда жаңа технологиялық құрылымның қалыптасуы туралы айтып берді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осы күндері Астана қаласында өтіп жатқан «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық көрмесі аясында «Жаңа кезеңнің өнеркәсіптік стратегиялары» бас пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сондай-ақ шараға Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров және Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин қатысты.

Жалпы бас пленарлық сессияға 700-ге жуық қатысушы жиналды, олардың арасында мемлекеттік сектордың жоғары лауазымды өкілдері, өңірлердің және өндіріс кәсіпорындарының басшылары, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп одақтары мен қауымдастықтарының мүшелері бар.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның қуатты өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, толыққанды экономиканы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс аясында Үкімет өңдеуші секторды жедел дамытуға баса назар аударатынын атап өтті. Атап айтқанда, терең өңдеу кластерлерін құруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Ең алдымен, мұнай, газ және көмір химиясы, металлургия, ауыр машина жасау, автокөліктің құрамдас бөлшектері мен тыңайтқыштар өндірісі, уран өнеркәсібі және басқа да сегменттер бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Ол үшін Қазақстанда жүйелі реформалар жүргізілуде, мемлекеттік қолдау шаралары жетілдіріліп, инвестициялар тартудың белсенді тәсілдері енгізілді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2,2 есе, ал саланың жалпы қосылған құнының көлемі 2,3 есе өсті. Ал, еңбек өнімділігі $49 мыңға дейін өсті, бұл экономика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есе артық.

«Салалар туралы айтатын болсақ, тау-кен металлургия кешені отандық өңдеу өнеркәсібінің негізі болып отыр. Өткен жылы $19,3 млрд-қа өнім экспортталды, бұл – еліміздің барлық экспортының шамамен 23%-ы. Біз отандық кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету тетігін қарастырдық. Ірі шикізат жеткізушілерімен бастапқы алюминий және мыспен жабдықтау туралы келісімдерге қол қойылды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы машина жасау саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мәселен, 2022 жылы салаға рекордтық $0,5 млрд тікелей инвестиция тартылды. Осы жылдың 1-тоқсанында тікелей инвестициялар көлемі $208 млн-нан асты.

Автокөлік өндірісінде өткен жылы өндіріс көлемі 113 мың көлікті құрады. Осы жылдың 8 айында 41% өсіммен 100 мыңға жуық көлік жасап шығарылды. Құндық мәнде бұл 1 трлн теңгеден асады. Сондай-ақ Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісінің көрсеткіші алғаш рет триллиондық межеден асып отыр.

«Осы индикаторлардың барлығы биыл қабылданған Өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасында көрсетілген. 2030 жылға қарай біз жалпы қосылған құнның 2,8 есе, еңбек өнімділігінің 1,8 есе өсуін қамтамасыз етуді, $225 млрд-қа өнім экспорттауды жоспарлап отырмыз», — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов атап өткендей, қолдау құралдарының кең жиынтығы 200 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаларды қаржыландырған Өнеркәсіпті дамыту қорын құрумен күшейтілді. Бұған қоса жалпы құны 150 млрд теңге болатын жобалар бойынша жұмыс жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта пулда тау-кен металлургия кешені, машина жасау, мұнай-газ химиясы, химия, фармацевтика өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша 1 мыңнан астам жоба бар. Бұл ретте ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары терең өңдеу, барынша локализациялау, жаңа өнімдер өндіру және экспорттық әлеует болып айқындалды», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жаңа технологиялық құрылымды қалыптастыру, оның ішінде базалық өндірістен күрделі өндіріске көшу бойынша үдерістерді заңнамалық тұрғыдан күшейтуді талап ететінін атап өтті. Ол үшін Үкімет бизнестің экономикалық белсенділігін салықтық, бюджеттік және реттеушілік ынталандыру бойынша тәсілдерді жақсартады.

Мәселен, өткен жылы еркін экономикалық аймақтардың жұмысы бойынша жаңа тәсілдер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Олардың қызметіндегі басты назар аралас әрекет ету режимі бар өңдеу секторына аударылады. Оған қоса инвесторларға АЭА-ның қолданылу мерзіміне қарамай, жалға алынған жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілді.

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында өңірлерде шағын өнеркәсіп аймақтары құрылады. Мұнда кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік орындар жалға беріледі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өнеркәсіптік серпілістің маңызды құрамдас бөлігі инновациялар мен озық технологияларды кеңінен енгізу болуы тиіс. UNCTAD (БҰҰ-ның Cауда және даму жөніндегі конференциясы) мәлімдегендей, 2025 жылы әлемдік жаңа технологиялар нарығының көлемі $3 трлн-нан асады.

«Қазірдің өзінде жасанды интеллект барлық салада қолданылады, өндірістік циклды оңтайландыруға, үдерістерді толық автоматтандыруға, бақылау мен қауіпсіздікті басқаруға ықпал етеді. Сондықтан мұндай жағдайларда икемділік пен бейімделе білу қабілеті маңызды», – деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов атап өткендей, жаһандық өндірістік тізбектердің үзілуі аясында инвестициялар үшін жаңа бағдарлар қалыптасуда, сондықтан бәсекелестікке қабілеттілікті тиімді дамыту қажет.

«Осыған байланысты, біздің ойымызша, аймақтық қосылған құн тізбегін дамытуға ерекше назар аудару керек», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы тағы бір жаһандық тренд цифрлық трансформация екенін, оны ЕАЭО елдерінің кооперациясы үшін басым бағыт ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

«Бүгінде Қазақстанда FinTech және GovTech сияқты бағыттарда ауқымды жобалар іске асырылды. Біз цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге енуінің жоғары деңгейіне жеттік. Ендігі біздің міндетіміз – нақты секторда да осындай деңгейге жету. Мұнда қазірдің өзінде “Инновациялық технологиялар паркі” дербес кластерлік қоры, “Астана Хаб” IT-технопаркі және жоғары оқу орындары жанындағы зерттеу орталықтары белсенді түрде жұмылдырылды», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің маңызды факторы – кадрлармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты республикада жақын және алыс шет елдердің жетекші технологиялық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Бұл инновациялық жобаларды басқару және кәсіби жағынан даму бойынша жаңа көзқарастағы мамандарды, болашақ инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы өнеркәсіпті дамыту мәселелерін шешумен қатар, экологиялық мәселелердің өзектілігін де естен шығармау керектігін атап өтті: кәсіпорындар қызметінде зиянды қалдықтардың шығуын бақылау, өндірістерде таза технологияларды енгізу, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратуға басымдық берілуі тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button