Бүгін Үкімет отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысының егіс алқаптарындағы шегірткеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше әлеуметтік желілерде шегірткеге қатысты бір видео тарады. Ол видео Жалгелдин ауданындағы бір серіктестіктің жерінде түсірілген. Бұл ретте мыңдаған гектар егіс алқабы зардап шегіп жатыр деген қауесет шындыққа жанаспайды. Ол жерде біздің мамандар, министрлік басшылығы болды. Осы орайда дер кезінде тиісті шаралар жасалып, шегірткені улау дәрілері жеткілікті көлемде жеткізілді. Сондықтан жағдай тұрақты, 500 гектар алқап зардап шекті», – деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, шегірткенің таралуымен күрес бойынша жұмыстар барлық облыста іске асырылып жатыр.
«Бұл жұмыстар жыл сайын атқарылады. Жағдай бақылауымызда. Сондықтан шегіртке жойылып, таралуы тоқтады. Шегіртке пайда болса, сол жерге мамандарды жіберіп, дәрі себу іске асырылады. Сондықтан әлеуметтік желілерде отырған адамдарға бір өтінішім бар: тексерілмеген, жалған ақпаратты желі арқылы таратпаңыздар деп айтқым келеді. Мәліметті Ауыл шаруашылығы министрлігі дер кезінде жариялап отырады», – деді министр.
Бұдан бұрын Қостанай облысында шаруалар шегірткеден орасан зор зиян көріп отырғаны хабарланған еді.