SocialБасты

Астана наурызы айтыспен басталды

Айтыс өнерінің ұмытылып бара жатқан жанрлары түре айтыс, сүре айтыс, жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтысы, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы жас ақындардың жырына арқау болды.

Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы елорда жастары арасында «Наурыз айтыс» атты жас ақындар арасындағы өнер сайысын ұйымдастырды.

Іс-шара Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ғимаратында өтті. Қаланың Жоғары оқу орындары мен мектептерінен 14 пен 23 жас аралығындағы таңдаулы 10 ақын сахнада сөз сайыстырып, бақ сынады.

«Наурыз – қазақтың төл мейрамы. Бұл іс-шара мерекенің қарсаңында қазақтың асыл өнері айтысты жастардың арасында насихаттау мақсатымен ұйымдастырылып отыр. Айтыстың этнографиялық тарихын алып қарайтын болсақ, қайым айтыс, бәдік айтыс, қыз бен жігіттің айтысы, өлі мен тірінің айтысы немесе өтірік өлең айтысы сияқты түрлері бар. Бірақ айтыстың түрлері барын біле бермейміз. Енді осыны жастардың арасында насихаттау мақсатында бүгін осы залға жиналып отырмыз», – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Айтысты белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы жүргізді.

Жас ақындардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамы ғалымдар, айтыскер ақындар және журналистерден жасақталды.  Олардың қатарында, Қайрат Сақ, Балғынбек Имашев, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзембаев, Жанжігіт Омархан болды.

Жас ақындардың жан-жақты білімділігі, айтылған ой-пікірдің ұшқырлығы, тақырыптың ашылуы, қарсыласына табанасты ұтымды жауап қайтарып тойтарыс беруі,  сахнадағы мәдениеті, сөзге тоқтауы т.б. шеберлігі сыналды. Айтыскерлердің өнеріне 10 балдық жүйеде баға берілді, әр жұпқа 15-20 минут уақыт бөлінді.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде мен 1-орын біріктіріліп екі бірінші орын «Қайым айтыстың» үлгісін көрсеткен Бек Шымат пен  №86 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Науат Жақатаеваға бұйырды. Жүлделі 2-орын Елдар Әмірхан мен Тамаша Рахатқызына, 3-орын Ғалым Еркінбек пен Айым Асылбекқызының қанжығасына байланды.

І орын (екеу) – 250 000 теңгеден, ІІ орын (екеу) – 150 000 теңгеден, ІІІ орын (екеу) 100 мың теңгеден және қалған қатысушыларға 50 000 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен дипломдар табыс етілді.

Жоғары деңгейде өткен сөз барымтасын қорытындылаған ұйымдастырушылар, жастар арасында қазақи құндылықтарды насихаттаудың жаңа жолдарын үнемі ізденіп, төл өнеріміздің нақышын бұзбай заманауи келбетін қалыптастыра беруіміз керек деп ой түйді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button