Министрлермен және әкімдермен кездесулер кезінде азаматтар 1,5 мыңнан астам проблемалық мәселені көтерді
2022 жылы қазақстандық министрлер мен әкімдер 216 жеке қабылдау өткізді. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бүгінде мемлекеттік функцияларды демонополизациялау арқылы азаматтардың проблемалық мәселелерінің едәуір бөлігі жергілікті деңгейде шешіліп жатыр. Алайда жұртшылық арасында ведомствоаралық пысықтауды талап ететін бірқатар мәселелер де жоқ емес.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері сияқты өзге де мемлекеттік органдар ауқымды жұмыс жүктемелеріне қарамастан, тиімді қызмет атқаруда. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы мен Үкімет қаулысы аясында, азаматтардың проблемалық мәселелерін шешуде әкімдіктерге елеулі қолдау көрсетуде.
Көшпелі кездесулер аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша, министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған. Кездесуде 1679 проблемалық мәселе көтеріліп, оның 1241-і немесе 74%-ы шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі аталған іс-шаралардың оң әсері мен нәтижелі болғанын атап өтті. Мәселен, оқу-ағарту министрінің халықпен кездесу қорытындысы бойынша, мемлекеттік мектептерде оқушыларды тамақтандыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында Ішкі істер министрінің кездесуі нәтижесінде жергілікті спорт мектебі «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының қамқорлығына алынды.
Бұл ретте Дархан Қыдырәлі азаматтар мен БАҚ министрлердің өңірлерге сапары жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланбайтынын, халықтың көбінесе хабарсыз қалатынын айтты. Кестеге сәйкес, 2022 жылға 227 кездесу жоспарланған, оның 55-і бірінші жартыжылдыққа, 172-сі екінші жартыжылдыққа межеленген. Нәтижесінде 2022 жылы (мамыр-желтоқсан кезеңінде) барлығы 212 кездесу өткізілді.
«Министрлердің халықпен кездесулеріне жүргізілген салыстырмалы талдау жұмыстары екінші жартыжылдықта кездесу қарқыны 2,3 есе өскенін көрсетті. Жалпы халықпен кездесу өткізуге вице-министрлерді де тарту кестеде көрсетілген міндеттерді 1 айға жетпейтін уақытта атқаруға мүмкіндік берді», — деді Д. Қыдырәлі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалау әдістемесіне «Халықпен кездесу» атты жаңа индикатор енгізілгенін жеткізді. Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін ведомство бағалайтын болады.
Баяндаманы қорытындылай келе, Дархан Қыдырәлі халықпен кездесулердің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.
Бірінші. Мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қызметінің алаңдарында ғана халықпен кездесумен шектелмей, азаматтардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекен жайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал.
Екінші. Министрлердің өңірлерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде де жариялауды қамтамасыз еткен жөн.
Үшінші, Министрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шығуы қажет.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, 2022 жылдың ІІ жартыжылдығындағы әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындысы бойынша 19,8 мыңға жуық кездесу өткізілді.
«Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу, экологияның жайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мыңнан астам мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Кездесулердің нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар 33,1 мың мәселенің шешімін тапты», — деді ол.
Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарының негізінде орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер және компаниялар деңгейінде шешілетін проблемалық мәселелердің тізімін қалыптастырды. Бұл тізім 62 сұрақты қамтиды. Мәселелердің басым бөлігі – республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді.
Аталған тізімдегі сұрақтарды егжей-тегжейлі талдаудың қорытындысы бойынша:
- өңірлерде көтерілген 10 мәселе бойынша қажетті құжаттама дайын емес (ТЭН, ЖСҚ);
- 5 мәселені шешуге республикалық бюджетте 20,2 млрд теңге қарастырылған;
- 13 мәселеге қатысты 61,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мүмкіндігі 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады;
- 14 мәселені шешу бойынша жұмыс мемлекеттік органдармен орындалуда;
- 18 мәселенің шешімі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Сондықтан, оларға орталық мемлекеттік органдардан қолдау көрсетілмеді;
- 2 мәселе мемлекеттік органдармен шешілді.
Талдау нәтижесінде, орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді талап ететін 6 мәселе іріктеліп алынды.
«2022 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша орталық деңгейде шешуді талап ететін 14 мәселе анықталды. Оның ішінде 5 сұрақтың шешімі орындалып, 6 мәселенің шешімі мемлекеттік органдардан талқылау барысында қолдау таппады. Шешімі ұзақ мерзімді талап ететін 3 мәселе қарастырылу сатысында», — деді Ә. Қуантыров.
Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді. Онда 63 мың мәселенің басы ашылып, 47,6 мыңы шешімін тапты. Бұл 75,5% көрсеткішін құрайды.
Мәселелерді шешу бойынша жоғары көрсеткіш келесі облыстарда:
– Ақтөбе облысы – 94,7% (4 497 мәселе көтеріліп, оның 4 259-ы шешілді);
– Қостанай облысы – 93% (3 467 мәселе көтеріліп, оның 3 224-і шешілді);
– Алматы қаласы – 92,8% (4 518 мәселе көтеріліп, оның 4 194-і шешілді).
Ал төменгі көрсеткіштер:
– Алматы облысында. Бұнда мәселелердің тек 28,5% ғана шешілді
(1 029 мәселе көтеріліп, оның 294-і шешілді);
– Батыс-Қазақстан облысында. Сұрақтардың 50,5%-і шешілді
(3 751 мәселе көтеріліп, оның, 1 895-і шешілді);
– Атырау облысында мәселелердің 54,5%-і шешілді (2 808 мәселе көтеріліп, оның 1 533-і шешілді).
Жалпы коммуникацияның жаңа форматы азаматтардың оң бағасын алды. Бұл форматтың халықтың сұраныстарына уақытылы жауап беруде өзектілігі жоғары.
Сондай-ақ ол кездесулердің саны мен тиімділігінің өскенін атап өтті. Мәселен, 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында кездесулер саны І жартыжылдықпен салыстырғанда 2,3 есе көп (І жартыжылдықта – 8,5 мың кездесу). Сондай-ақ әкімдіктер кездесулердің ұйымдастырылуын жақсартып, халықты алдын ала хабардар етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мониторингі елеулі бұзушылықтар табылмағанын көрсетті.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде салыстырмалы түрде кездесулерге халықтың ерекше қызығушылықпен қатысуы байқалады.
Осы ретте Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Алматы қаласы әкімдігінің «ашық микрофон» принципіне негізделген белсенді кездесулерін, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ай сайын өткізілетін азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізу тәжірибесін атап өтті.
Алматы облысында 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында 1161 халықпен кездесу өткізілді. Бұл туралы өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев хабарлады.
Атап айтқанда, облыс әкімі — 10, аудандар мен қалалардың әкімдері – 386, ауылдық округтердің әкімдері – 765 кездесу өткізген. Аталған кездесулерге 94 113 адам қатысты. барлығы 2 594 ұсыныс айтылды.
«Әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындысы бойынша 1029 проблемалық мәселенің тізбесі жасақталып, бүгінгі таңда олармен жұмыс жүргізілуде. Проблемалық мәселелердің жалпы санынан 37 жоба орындалды, 257 жоба орындау сатысында. Қалған 735-і басымдыққа негізделген кезеңді шешімді талап етеді», — деді М. Сұлтанғазиев.
Бұл мақсаттарға 2022 жылы бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінсе, қалған мәселелерді шешуге 279 млрд теңге бөлінуі тиіс.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, 2022 жылы өңірде барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 719 кездесуі өтті, оған 35 мыңнан астам тұрғын қатысты. 612 адам жеке мәселелері бойынша жеке қабылдауда болды. Кездесулер аясында тұрғындардан 3 мыңға жуық ұсыныс-пікір келіп түсті.
Олардың басым бөлігі инженерлік инфракұрылым жүргізу, тазалық, экология, абаттандыру, тұрғын үй мәселелері және жол мен әлеуметтік нысандар құрылыстары мен жөндеу мәселелеріне қатысты болды. Бұл мәселелер жылма-жыл халықты толғандыратын басты мәселелер қатарында болып отыр. Осыған байланысты көтерілген мәселелерді шешу үшін арнайы құны 108 млрд теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыстың, қаланың, аудан және елді мекендердің даму жоспарларына енгізілді. Бүгінде 1533 мәселе өз шешімін тауып, орындалды, қалған мәселелер орындалуда. Олар негізінен ұзақ мерзімді және қомақты қаражатты талап ететін жобалар. Көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы ақпарат әкімдіктің ресми сайтында жарияланады.
«Тұрғындардың арыз-шағымдары 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы 7%-ға төмендеген. Бұл халықпен жиі кездесулер өткізудің нәтижесі», — деді облыс әкімі.
Халық көтерген сұрақтарды жедел шешу үшін қажет құжаттардың уақытылы жасақталуы бақылауға алынып, бюджетті нақтылау кезінде қаражат бөлу қаралатын болады. Аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.