Премьер-Министр машина жасау бойынша министрліктерге тапсырма берді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин машина жасауды дамыту мәселелері бойынша тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша, экономикадағы құлдырауға қарамастан, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 535 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғыдан 18,5% жоғары. Қазір бізде машина жасау саласында 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олар әртүрлі өнімдерді – бөлшектерді шығарудан бастап дәлдігі жоғары техникаларды құрастыруға дейін игерді. Осы арқылы мұнай-газ, металлургия және аграрлық өнеркәсіп сияқты экономиканың негізгі секторларының қажеттілігін қамтамасыз етуде», – деп атап өтті Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осыған байланысты қазіргі экономикалық жағдайды назарға ала отырып, бірнеше бағытқа баса назар аудару керек.
«Біріншіден, біз үшін жергілікті қамтуды арттыру мәселесі маңызды болып табылады. Бүгінде сала секторларын локализациялау деңгейі 35% бастап 95% дейін жетеді. Бұл көрсеткіштерді арттыруымыз керек. Елдегі автопарктің 70% қызмет ету мерзімі айтарлықтай ескіргенін назарға алсақ, бұл өте маңызды. Оны жаңарту отандық кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісте және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елде экологияны жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес біз моторлы көлік құралдары өндірісін локализациялау деңгейін кемінде 50% жеткізуіміз керек. Осыған орай, кәсіпорындардың өз міндеттемелерін орындауын бақылауға алу қажет», – деді А. Мамин.
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бұл мәселелерді бақылауға алып, локализацияны, өндіріс көлемін арттырып, экспортты кеңейтуді тапсырды.
«Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының 70% тозған, пайдалану мерзімі өткен. Қазақстанның азық-түлік хабы ретіне қалыптасуын ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту маңызды міндет болып табылады. Ол үшін жаңа перспективалы өндірістерді құру мақсатында елге инвестициялар мен серіктестерді тарту қажет. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартатын болсақ, еңбек өнімділігі жақсарады, ауыл шаруашылығы өндірісі ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы, Индустрия министрліктеріне бір ай мерзімде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», – деді ол.
Үшінші, Үкімет басшысы мұнай-газ машинасын жасауда өткен жылы 63,7 млрд теңгеге өнім шығарылғанын атап өтті. Биылғы 4 айда бұл көрсеткіш 21 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 30% көп.
«Мұнай-газ машинасын жасау саласының әлеуеті үлкен және толығымен жүзеге асырылмаған. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Сондықтан, бұл салаға қажетті жабдықтарды өндіру үшін шетелдік серіктестер мен компанияларды тартуымыз қажет. Осыған орай, Энергетика және Индустрия министрліктеріне тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді Премьер-Министр.
Төртінші, мемлекет экспорт кезіндегі шығынның 80% дейін өтеу арқылы бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнімдер экспортын дамытуы керек.
«Қазіргі жағдайда қосымша қолдау шараларының қажеттілігі туындап отыр. Сауда және интеграция, Индустрия министрліктеріне отандық экспорттаушыларға жаңа қолдау шараларын көрсету мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Бесінші, өздеріңізге белгілі, биылғы мамыр айында Мемлекет басшысы Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырды. Ол серпінді өңдеуші жобаларды, оның ішінде машина жасау саласындағы жобаларды қолжетімді кредиттеуді қамтамасыз етуі керек. Қордың қызметі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жаңартуға, жаңа өндірістерді ұйымдастыруға және импортты алмастыруды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Сондықтан Индустрия министрлігі биылғы 1 шілдеге дейін Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды қамтамасыз етсін», – деді Асқар Мамин.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов машина жасау саласындағы негізгі нәтижелерді баяндады.