Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі интерактивті картаға өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, картаға азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы (Е-өтініш) арқылы халықпен кері байланыс орнатуға арналған жаңа функциялар қосылды.
Естеріңізге сала кетейік, ауылдарды сумен қамтамасыз ету деңгейін мониторингілеу үшін Министрлікпен тұрғындарға қолжетімді интерактивті карта әзірленген болатын https://auylsu.kz/provision. Картаның көмегімен әрбір азамат өзін қызықтыратын кез-келген ақпаратты көре алады. Мәселен, өңірдің сумен қамтамасыз етілуі, қаржыландыру, қаражатқа деген қажеттілік, халық саны туралы және басқа да мәліметтер жүктелген.
Жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Алматы (99,1%), Атырау (99%) және Қызылорда облыстары (97,8%) көш басында тұр. Дегенмен, бірқатар өңірде артта қалушылық бар. Ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы арасында сумен жабдықтау қызметтеріне деген қолжетімділік 93%-ды құрайды.