Social

Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған кеш өтті

2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен «Абай күні – 10 тамыз» болып ресми бекітілген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекелік күндердің тізбесіне енгізілген айтулы күнді еліміз жыл сайын ауқымды іс-шаралармен атап өтуде

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ел ордасында ойшыл, ғалым, ағартушы, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай аманаты» атты кеш өтті.

Тағылымды шараның басты мақсаты – көпшілік арасында хакім шығармашылығын насихаттау, Абай күніне арналған мәдени шараларды түйіндеу және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру.

«Жастар» театрында өткен кеште қазақ әдебиетіне поэзия жанрын алғашқылардың бірі болып енгізіп, биік шыңына жеткізген ғұлама ақынның түрлі тақырыптағы өшпейтін өлеңдері мен тағылымы мол қара сөздері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері  Сүндет Байгожин, Ерлан Рысқали, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан және ROYAL квартеті қатысып, өнер көрсетті.

Шымылдығы әсем әнмен ашылған кеш «Жастар театрының» орындауындағы  «Абай-Тоғжан» спектаклімен жалғасты. Ақын шығармашылығындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын сахналық қойылым жиналған қауымға естен кетпес әсер сыйлады.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ұларбек Нұрғалым, Арман Шеризат пен жас ақын Айғаным Мақсұтханованың Абайға арналған жыр арнаулары рухани шараның шығармашылық өрісін кеңейтті.

Шоқтығы биік тұлғаның мұрасын ұлықтауға жиналған халықтың қарасы қалың. «Абай аманаты» кешіне көрнекті абайтанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен нағыз әдебиет жанашырлары қатысып, оң бағасын берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button