Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін оқшаулады
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды, нәтижесі теріс болып шықты, деп хабарлады Sputnik.kz.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін-өзі оқшаулады. Ол қазір коронавирустан емделіп жатқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен байланыста болған.
«Облыс әкімі науқаспен қарым-қатынаста болған адам ретінде коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды. Нәтижесі – теріс. Хаттамаға сәйкес өзін-өзі оқшаулау режиміне көшті. Өзін жақсы сезінеді, ауру белгілері жоқ», – деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Сапарбаевтың кесте бойынша видеоконференция арқылы жұмысын жалғасырып жатқанын хабарлады.
Өткен аптада премьер-министр Асқар Мамин бастаған үкімет делегациясы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан үкіметінің басшысы коронавирусқа тест тапсырды, диагноз расталмады. Мамин өзін-өзі оқшаулады, қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Делегация құрамында болған білім және ғылым министрі Асхан Аймағамбетов те өзін оқшаулады.
14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың COVID-19 диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаны белгілі болды.