Қазақ ақбас тұқымының Республикалық палатасы малшылар мен шетел азаматтарына арналған «ет турын» өткізеді.
KazAgro/KazFarm-2021 көрмесі аясында қазақ ақбас тұқымының Республикалық Палатасы Новомарковка кентінің «Жаңа береке» ЖШС-де «ет турын» ұйымдастырады. Мұнда күні бойына 170-тен астам қатысушы жиналады.
Тур барысында олар бейресми ортада шаруашылық жүргізудің шағын нысандарын дамыту перспективаларын, жемшөп дайындау мен сақтаудың заманауи әдістерін, сандық технологияларды, асыл тұқымды материалды, ветеринария және жануарлар гигиенасы өнімдерін талқылайды және қысқы жайылымдармен танысады.
Сонымен қатар, сапар барысында азық қоспалары мен премикстер өндірумен айналысатын компаниялардың өнімдерімен, канадалық Grow Safe технологиясымен және Qazaqaqbas өнімділік бағдарламасымен танысу жоспарланған.
«Біз өз тұқымымыздың генетикалық жетістіктерін және мал шаруашылығына енгізіліп жатқан заманауи технологияларды көрсетеміз. Сондай-ақ, канадалық Grow Safe компаниясының жабдығы бар асыл тұқымды репродуктор көрсетіледі, онда біз генетиканы қараймыз және азықты тұтыну мөлшерінің алынатын салмаққа арақатынасы бойынша үздік жануарларды анықтаймыз», – деді қазақ ақбас тұқымының Республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев.
Ал ертең палата жыл сайын өтетін мүшелер жиналысын өткізеді. Оған 300-ден астам адам, оның ішінде 40-қа жуық мүдделі шетелдік компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысады.
«Біз саладағы өзекті мәселелерді, даму жоспарларын, жетістіктерді және т.б. мәселелерді талқылайтын боламыз. Іс-шара КСРО-да өсірілген алғашқы ет тұқымы Qazaqaqbas тұқымының 70 жылдығына орайластырылған», – деп толықтырды Матақбаев.
Палатаның атқарушы директорының айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде жаңа қазақстандық Qazaqaqbas бренді танылып, қазақтың ақбас сиырының импортына қызығушылық танытуда.
«Біз жануарларды сынау үшін шетелдік технологияларды қолданамыз. Сол себепті адамдар біздің тұқым туралы көбірек біле бастайды. Біз оның тек қазақстандық бренд болғандықтан ғана емес, батыстық сынақ жүйесінің барлық талаптарына сай келетіндігі үшін жақсы екенін көрсетеміз. Біз олардың ережелеріне сай және олардың өрісінде біздің тұқымымыз еш кем түспейтінін, тіпті кейбір тұстары одан да жақсы екенін дәлелдейміз», – деді ол.