Аймақ билігі банктермен көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жеңілдетілген ипотека жөнінде келісіп, бастапқы жарнаны жүзеге асыру үшін оларға 1,5 млн теңгенің сертификатын беруге дайын. Облыстық «Парыз» қоры осы мақсатқа тағы 700 мың теңге бөледі.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы мәселелері жөніндегі кеңестен кейін хабарлады.
«Тұрғын үй құрылысы мәселесін қарастырдық. «Бақытты Отбасы» бағдарламасына қатысуға көптеген өтінімдер түсіп жатқанын көріп отырмыз. 370 лимит болғанмен, 1800 өтініш келіп түсті. Оның 551-і көп балалы отбасылардан түскен. Осыған байланысты мен қалалар мен аудан әкімдеріне аталмыш бағдарламаға нақты қанша отбасы қатысуға дайын екендігін, сондай-ақ елді мекендерде ауданы 140 шаршы метр болатын екі пәтерлі үйлер салуға қандай учаскелер бөлуге болатындығы туралы ақпарат дайындауды тапсырдым. Банктер бізге қолдау көрсетіп, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беруге дайын. Біз өз тарапымыздан 1,5 млн теңгенің және «Парыз» қорынан 700 мың теңгенің сертификатын ұсынамыз», – деді аймақ әкімі өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Сонымен қатар, кеңес барысында әкім келесі жылға медицина және білім беру саласының мамандары үшін жаңа тұрғын үй құрылысы жобаларын салуды тапсырды. Облыс аудандарынан жас дәрігерлер мен педагогтардың кетіп қалуына көбінесе өз баспаналарының жоқтығы себеп.
Даниал Ахметов ШҚО-да коммерциялық тұрғын үй салу мәселесіне де тоқталды. Ол аймақта мұндай пәтерлерге сұраныс бар екенін тағы да айтты. Сондықтан облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері жеке құрылыс салушыларды шақыруға және оларға алдын ала дайындалған құрылыс жобасымен және инфрақұрылымы жүргізілген учаскелерді беруге рұқсат алды.
Құрылыс саласы бойынша Риддер қаласы тапсырманы орындай алмай қалуы мүмкін. Онда бар болғаны екі көппәтерлі үй салынуда. Даниал Ахметовтың айтуынша, ол жерге облыс әкімінің орынбасары бастаған арнайы комиссия барады. Олар тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен мектеп құрылысы жұмыстарын, сондай-ақ жылыту маусымына дайындығын тексереді. Сонымен қатар, нысандардың бірінде каркас жұмыстарының мерзімі созылып кеткен Күршім ауданы да көштен қалып келеді.
«Бұл – аудан әкімі мен құрылыс басқармасы тарапынан жіберілген кемшілік. Қалған аудандарда құрылыс пен реконструкциялау жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Осы жылдың өзінде аймақтың көптеген елді мекендерінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен мәдениет үйлері пайдалануға беріледі», -деп жазды Д.Ахметов өзінің Инстаграм парақшасында.
Кеңес соңында әкім жауапты тұлғаларға әлеуметтік нысандарды салуда қажеттілік пен демографиялық жағдайды есепке алу керектігін ескертті. Мысалы, Қайнар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру жобасы қайта қарастырылды.
«Өйткені ол жерге бассейні бар үлкен кешеннің қажеті жоқ. Ол көбінесе бос тұрады. Ал оны жылытуға, техникалық қызмет көрсетуге бюджет қаржысы шығындалады. Бұлай жасауға болмайды. Керісінше біз негізсіз шығындарға жол бермеуіміз керек», – деді ШҚО әкімі.