SocialБасты

Көліктерге SOS батырмасын орнату талаптары 4 жылға алынып тасталды

2023 жылғы 26 қыркүйекте Мәскеуде өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында Қазақстан отандық өндірушілер мен шетелдік автокөлік өндірушілерінің ресми дистрибьюторларының көлік құралдарын 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін жедел қызметтерді шақыруға арналған құрылғылармен немесе жүйелерімен (SOS батырмасымен) жабдықтамау құқығын қорғады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық тараптың ұсынысымен ЕАЭО-ға мүше барлық елдер келісті. Тиісті өзгерістер Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы шешіміне енгізіледі. Осылайша, отандық автокөлік өндірушілері мен шетелдік өндірушілердің ресми өкілдері 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жабдықтаусыз сәйкестікті бағалауды жүргізе алады және М және N санатындағы (жүк және жолаушылар тасымалы) көлік құралдарын айналымға шығара алады.

Мұндай шешім Қазақстанның автомобиль саласының дамуына оң әсерін тигізеді. Көлік құралдарының модельдік желісін кеңейтуге және Қазақстан нарығына жаңа брендтердің келуіне ықпал ететін болады.

Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО елдерінің аумағына әкелінетін N және М санатындағы жеке автокөлікті шұғыл және жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен (SOS батырмасымен) жарақтандыру жөніндегі талаптар Кеден одағының техникалық регламентінде айқындалған. Бұған дейін 2024 жылдың 1 ақпанына дейін ЕАЭО елдерінің аталған санаттағы көлік құралдарын ресми импорттаушылар мен өндірушілер бұл міндеттемелерден босатылған болатын.

Автокөлік иелерінің қондырғы құнының қымбаттығы (шығарылған жылына байланысты кедендік тазарту құнының іс жүзінде 25%), SOS түймелерін дайындауға арналған чиптер мен бөлшектердің тапшылығы туралы өтініштерін назарға ала отырып, сондай-ақ қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты шетелдік автоөндірушілердің ресейлік сынақ зертханаларында аккредиттелген осы құрылғылардың іске қосылуына бағалау жүргізе алмауы, міндетті жарақтандыру мерзімін ұзарту мәселесін қазақстандық тарап бірнеше рет көтерді. Енді ЕАЭО елдерінің аумағына өз қажеттіліктері үшін әкелінетін M және N санаттағы көлік құралдары 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін шұғыл және жедел қызметтерді шақыру жүйелерімен міндетті жарақтандыру талабынан босатылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button