Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет мүшелеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік әзірлеген және қабылдап жатқан жүйелі шаралар туралы баяндады.
Бірінші кезекте ауа райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы өндірісіне кері әсер еткен факторларды азайту үшін егін шаруашылығын әртараптандыру қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мал азығы базасын дамытуға ерекше мән беріледі.
Заманауи цифрлық технологияларды, ғарыштық мониторингті және жерді қашықтан зондтау технологияларын пайдалана отырып, жер пайдаланушылардың қызметін бақылаудың және әртараптандыру процесін мемлекеттік реттеу шараларының тиімді тетіктері әзірленуде.
Бұл шаралар мал азығы дақылдарының ауыспалы егістегі үлесін ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізіп, егіс алқабын 2 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жайылымдардың өнімділігін арттырудың, оларды суарудың неғұрлым тиімді моделін қолдану арқылы тың жайылымдық жерлерді айналымға қосудың жаңа тәсілдері әзірленіп, енгізілетін болады.
Шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық 2,6 трлн теңгенің өнімін немесе барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 41,5%-ын өндіреді. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы әзірленіп, ұсынылатын болады.
«Аталған заң жобасын қабылдау – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту барысында туындайтын мәселелерді реттеуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдау шараларына барынша қол жеткізулеріне мүмкіндік береді», – деп баяндады министр.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану жоспарланып отыр. Яғни, шашыраңқы жеке қосалқы шаруашылықтарды тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге барынша жұмылдыру қажет.
«Кооперацияның «Бірге – күштіміз» қағидаты ауылдағы ұсақ тауарлы өндірістің бәсекелестік басымдығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр Е.Қарашөкеев.
Кооперация арқылы Жамбыл облысы халқының табысын тиімді жолмен арттыруға бағытталған пилоттық жобаны жемісті тәжірибесі 2021-2025 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде әзірленіп жатқан Ұлттық жоба аясында кеңінен таратылатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланады.
Мемлекеттік монополия қызметтерінің бір бөлігін бәсекелес ортаға беру жоспарланып отыр. Ветеринарлық қызметтің жұмысы цифрлық форматқа көшіріліп, сол арқылы эпизоотиялық жағдайдың бақылануы және мал шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветқызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігі ажыратылады. Ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарлануда.
Бұл бастамаларды іске асыру үшін ветеринария саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Соған сәйкес тиісті құжаттар әзірленетін болады.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау – тұтастай алғанда саланы оңтайландыруға, өндіріс көлеміне қарамастан барлық субъектілерге қолжетімді етуге, нақты нәтижеге қол жеткізуге, саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.
«Бұл жұмыс мал шаруашылығы саласын субсидиялаудан бастап кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деді ведомство басшысы.
Егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, жерді тиімді пайдалану жөніндегі талаптарды орындау сияқты бизнеске жүктелетін міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Субсидияның тиімділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізу мақсатында Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тиімділігінің әдістемесі қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында ведомствоға жүктеген міндеттерінің уақтылы әрі сапалы орындалуы үшін қажет шаралар әзірледі.