ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық халық санағына дайындық барысы қаралды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарлануда. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарта отырып, цифрлық технологиялар қолданылатын болады.
Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: sanaq.gov.kz арнайы сайтындағы интернет-сауалнама арқылы 45 күн ішінде интернет-сауалнама жүргізу және электронды планшеттерді қолдана отырып, интервьюерлерге әдеттегі жаппай сауалнама жүргізу. Қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады.
Респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаулық учаскелерде санақтан өте алады.
Санақ жүргізу кезінде 32 мың адам жұмысқа орналастырылады. Үкімет басшысы Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің халық санағына дайындығы бойынша жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар, Маңғыстау, Ақтөбе облыарсты және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тиісті жұмыс қарқынының жеткіліксіздігін атап өтті.
Премьер-Министр қысқа мерзімде міндетті вакциналаудан өткен жұмыскерлердің халық санағын өткізу үшін қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңірлердің әкімдеріне, Ұлттық статистика бюросына және ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктеріне халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтау тапсырылды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен және әкімдіктермен бірлесіп, халық арасында ұлттық санақтың жүргізілу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
«Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіштер алынады. Сондықтан еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор», — деді А. Мамин.