Өскемендегі көтерме-бөлшек сауда орталығы Жібек мата комбинаты ауданында салынады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласының әкімімен, көтерме-бөлшек сауда орталығын салу мәселелері бойыншы құрылыс нысандарының жобасын жасайтын мамандармен кездесу өткізді. Бұл орталық Жібек жолы көшесіндегі Жібек мата комбинаты ауданында орналасады. Мұнда Алматы мен Семейге шығатын айналма жолдар бар. Үлкен жүк көліктері қоймалар мен жүктерді сақтау аймағы орналасқан орталыққа тура келіп кіре алатын болады. Яғни, қаланың ішкі жолдарына салмақ түспейді.
Айта кету керек, жүк көліктерінің жүргізушілері бұдан былай көлікте түнеуге мәжбүр болмайды, өйткені орталықта ұзақ жол жүріп келген жүргізушілерге арналған қонақ үй салынады.
Сондай-ақ, орталықта барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге, сараптама жүргізуге және сапа сертификаттарын алуға, түрлі заң рәсімдерінен өтуге болатын мүмкіндіктер де қамтылады. ТМД және алыс шетелдерден келгендер үшін кедендік бақылау аймағы да жабдықталады.
Аймақ басшысының айтуынша ең алдымен кросс-доктар (жүкті аранайы сақтау аймағына кіргізбей-ақ, қойма арқылы тікелей қабылдау және жөнелту процесін атқаратын) салынады. Бұл кәсіпкерлер үшін өте маңызды, олар бұл орындарды жалға да ала алады. Екінші кезекте тікелей сатып алуға болатын сауда павильондары салынады. Мұнда аймақ тұрғындары тауарларды делдалдарсыз және алыпсатарларсыз арзан бағамен сатып ала алады.
«Бұл орталық тек сауда-саттық орны ғана болмайды. Ол жерге кафе, тіпті кинотеатр да саламыз. Сондықтан, жұрт отбасымен барып, уақыттарын көңілді өткізулеріне де жағдай жасалады. Мұндай орталықты Қазан қаласынан көріп, бізде де болуы тиіс деген байламға келген едік. Жалпы, көтерме-бөлшек сауда орталығы аймақта өнім құнының негізсіз көтерілмеуіне ықпал ететін болады», – деді облыс әкімі.