EconomyБасты

Биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Осы жылдың қаңтар айынан бастап 801 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында қаңтар айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

«Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2021 жылдың қаңтар айында 107 пайыз болды. Барлық өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үй құрылысында биылдың бірінші айында 801 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Яғни, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,4 пайыз болды», – деді министр.

Оның айтуынша, еліміз бойынша барлығы 6 810 баспана пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 16 өңірде артты.

«Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 16 өңірде артты. Тек Маңғыстау облысында тиісті көрсеткіш 67,6 пайызды құрады. Жалпы биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысы кезінде жергілікті қамту үлесін арттыруға тиіспіз. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді», – деді Б. Атамқұлов.

«Саладағы қажеттілікті айқындау мақсатында негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізілді. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер 10 тауар позициясы бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтей алады (темір-бетон бұйымдары, құрғақ қоспа, қабырға блоктары, кірпіш және т. б.). 11 позиция бойынша еліміздің кәсіпорындары шамамен 50 пайызды қамтамасыз етеді (жылу оқшаулау, профиль қаңылтыр, пластик құбырлар және т. б.). Ал линолеум, түсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша ішкі нарықта әзірге өндіріс жоқ», – деді ведомство басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button