ҚР Cауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев пен «Ресей экспорттық орталығы» АҚ Бас директоры Вероника Никишина екі елдің Еуразиялық тауар өткізу жүйесін қалыптастырудағы және Орталық Азия-Қазақстан-Ресей тауарлары ағынының перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚР Cауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
– Біздің екі ел де оңтүстіктен тауар ағынын үздіксіз қамтамасыз ету мәселесімен айналысуда. Бізге бұл жұмысты үйлестіру және синхрондау, соның ішінде Ресейден Ауғанстанға дейінгі барлық дәліз бойынша тиімді транзиттік тарифтерді қалыптастыру мәселелерін шешу қажет, – деп атап өтті Қайрат Төребаев.
Тараптар аталған мәселені бірлесіп пысықтау екі ел нарықтарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін атап өтті.
– «Ресей-Өзбекстан» агрологиялық дәлізі үшжақты болуы тиіс, өйткені тауарлық жүк ағындары Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Біз пойыздардың ұзақ кідіріссіз жүруі үшін бақылау органдарының жұмысын синхрондауымыз керек, бұл тез бұзылатын өнімдерді жеткізу үшін өте маңызды. Осылайша, біз үш елдің бизнесіне бәсекелестік артықшылықтар беріп, елдеріміз арасындағы тауар айналымын едәуір арттырамыз, – деп атап өтті Вероника Никишина.
Сондай-ақ, «Қорғас» және Орталық Азия» халықаралық шекара маңы сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтары базасында өнеркәсіптік кооперациядағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Оның ішінде, бірлесіп өндірілген өнімді кейіннен Орталық және Оңтүстік Азия мен Қытайды қоса алғанда, үшінші елдердің нарықтарына шығару үшін.
Осы мәселелер бойынша жұмысты үйлестіру және экспортты жылжытуда тәжірибе алмасу мақсатында тараптар жақын арада «Qaztrade «сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен» Ресей экспорт орталығы «АҚ арасында әріптестік туралы келісім жасасуға уағдаласты.
Кездесу ҚР вице-министрі Қайрат Төребаевтың «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit 2021″XII Халықаралық экономикалық саммитінің жұмысына қатысуы шеңберінде өтті.
Саммит аясында ҚР сауда-экономикалық миссиясы және Қазақстан-Ресей бизнес-форумы өтуде.