
Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақтала бастағанын қалғанын айтты. Бұл туралы Primeminister.kz хабарлайды
Ол барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істейтінін атап өтті. Негізгі өзендер бойынша су қозғалысының белсенді кезеңі өтті. Өңірде 494 көл мен 111 өзен бар. Есіл өзенінің қауіпті учаскелерінде судың деңгейін бақылау жалғасуда.
«Күшейтілген қорғаныс шаралары 94 ауылда 3 мың үйді су басудың алдын алуға көмектесті. Қылшақты өзенінің су өткізу мүмкіндігін арттыру облыс орталығының қауіпсіздігін қамтамасыз етті», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Есіл мен Нұра өзендерінің қауіпті учаскелерін нығайту және кеңейту, Жібек Жолы бөгетінің құрылысы елорда аймағында еріген қар суын қауіпсіз өткізіп жіберуге мүмкіндік бергені атап өтілді.
Сонымен қатар Жабай өзенінің түбін тереңдету және арнасын кеңейту Сандықтау және Атбасар аудандарының елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Осылайша, жыл сайын су тасқыны қаупі бар аймақтарды су басуға жол берілген жоқ.
«Өткен жылы басталған екі жылдық жобалар су тасқыны кезеңінде оң нәтижесін бергенін атап өту қажет. Біз биыл оларды жүзеге асыруды аяқтайтын боламыз. Су деңгейі түскеннен кейін жолдар қалпына келтірілуде. Бес ауданда су басқан 14 км автожолдар жөнделді. Өкінішке орай, елді мекендерді жергілікті су басу орын алды. Су тасқынының күрделенуіне объективтік және субъективтік факторлар, атап айтқанда, күннің тез жылынуы, жауын-шашын, топырақтағы жоғары ылғал, сондай-ақ жерасты суларының көтерілуі әсер еткенін атап өту қажет», — деп түсіндірді Марат Ахметжанов.
Облыста материалдық шығынды өтеу және зардап шеккен үйлерді тексеру жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Тиісті қаулылар қабылданды. Жөндеуді қажет ететін үйлерге құрылыс материалдарын жеткізу басталды.