PoliticsБасты

Президент Алматы қаласының әкімін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін көтерілген. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 21,3 пайызға жеткен. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді деп болжанып отыр.

Президентке Алматының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басымдықтар ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, маусым аралығында ерте пісетін көкөністер жеткізіледі. Ал тұрақтандыру қоры 11-ден 15 милиард теңгеге дейін көбейген.

Мемлекет басшысына зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды. Бүгінге дейін құны 13,9 миллиард теңге болатын 1556 өтініш мақұлданған. Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің 97 пайызы қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.

Президент жекеменшік инвестицияларды тарту үшін Алматының индустриялды аймағын кеңейту жөніндегі жоспармен танысты.

Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалада құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері таныстырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button