Бельгия кезең-кезеңмен елдегі санитарлық шектеулерді жеңілдетуде. Бұл туралы премьер-министр Александр де Кроо 7 сағатқа созылған пандемиямен күрес бойынша комитеттің отырысында мәлімдеді.
Ең алдымен, ел билігі ЕО аумағы шеңберінде шекараны ашуға уәде берді. Бұл туралы Euronews жазды.
«Жексенбінің кешінен бастап маңызды емес сапарларға рұқсат етіледі. Оның орнына коронавирусқа қарсы тестілеудің болуы және келісілген негіздерде карантин талаптарын сақтау бойынша қатал бақылау орнатылады», – деді Бельгия премьер-министрі Александр де Кроо.
Сәуірдің соңынан бастап Бельгия үкіметі шаштараз, сұлулық салондары және дүкендердің жұмысына қойылған шектеулерді алмақ, ал 8 мамырдан бастап дәмхана мен мейрамханалар ашылады.
Швейцария билігі де санитарлық шараларды жеңілдетудің жаңа кезеңі туралы мәлімдеме жасады. Келесі аптадан бастап конфедерацияда жария іс-шаралар өткізіп, стадион, кинозал және театрларда көрермен жинауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар мейрамханалар көшедегі террасаларын аша алады.
Швейцария үкіметінің хабарлауы бойынша, елдегі эпидемологиялық ахуал қиын. Сол себепті карантин шаралары туралы мәселе COVID-19-ды емдеумен айналысып жатқан ауруханалардың жүктемесіне қарай қайта қаралуы мүмкін.