Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Салалық мәселелер бойынша кеңес отырысы өтті
Ағымдағы жылғы 20 қаңтарда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Салалық мәселелер бойынша кеңес отырысы өтіп, Министрлік жетекшілік ететін салаларды реттеудің жекелеген аспектілері қарастырылды.
Жиында Азаматтық авиация академиясына арнаулы жоғары оқу орны мәртебесін беру жөнінде ұсыныс мақұлданды. Бұл талапкерлерді іріктеудің жүйелік тетігі мен оларды даярлауға қойылатын арнайы талаптарды бекітіп, әрі қарай жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазіргі заман талаптарына біліктілігі сай келетін мамандармен қамту сияқты міндетті жедел шешуге жол ашады. Ол ұсыныстарды іске асыру бірқатар заң актілеріне жекелеген өзгерістер енгізу арқылы іске асырылмақ.
Сонымен қатар, Кеңес отырысында кернеуі 6-10 кВ (киловольт), қуаттылығы 63-2500 кВА (киловольт-ампер) болатын таратқыш трансформаторларға және азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған тұрмыстық тоңазытқыштарға энергия тиімділігіне қатысты талаптар бекіту жайы талқыланды.
Қазақстанда бүкіл электр қуатының 30%-тен астамын 50 ірі өнеркәсіп кәсіпорыны тұтынады. Ол кәсіпорындардың трансформаторларды тұтыну үлесі 9 369 597, 8 мың кВтч (138 295 264 мың тг) құрайды. Ірі тұтынушылардағы трансформаторлар саны – 16 837 дана. Сол трансформаторларға энергия тиімділігі бойынша қойылатын талаптарды бекіту нәтижесінде 50 ірі тұтынушыда қуатты пайдалану мөлшері жылына 2 810 879,3 мың кВт-қа азаюы тиіс.
Кентау және Орал трансформатор зауыттарының қуаттылығы тиімді өнімдерінің 96% Ресейге импортталады. Өйткені, ол елде трансформаторларға энергия тиімділігі бойынша талаптар бекітілген. Қазақстанда әзірге ол жоқ.
Қазақстанның отын-энергетикалық теңгеріміне сәйкес 2018 жылы тұрғындар 16 621 554,6 мың кВтч электр қуатын тұтынған. 2014 жылы ол көрсеткіш – 11 628 500 мың кВтч болған. Яғни, тұрғындардың да электр энергиясын пайдалану көлемі артып келеді.
Тоңазытқыш – тұрғындар арасында ең көп таралған тұрмыстық техника. Тиісінше, тұрмыстағы энергия шығының 40% солардың үлесінде. Тоңазытқыштарға энергия тиімділігі бойынша талаптар енгізген жағдайда энергияны тұтыну мөлшері елеулі түрде азаюы тиіс.
Сондай-ақ, Кеңес отырысында «Көкшетау-Петропавл» (164,8 шақырым) жолында жүк автокөліктерінен ақы алудың кедергісіз ашық жүйесін (көлікті тоқтатпай-ақ) енгізу жайы қаралды. Бұл шара қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етіп, бюджеттен қаражат бөлмей-ақ аталған жол учаскелерін жолақы есебінен күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Бұл жол II-техникалық санатқа жатады. Жолақысын алудың кедергісіз ашық жүйесі тек транзиттік жүк көліктері үшін ғана енгізіледі.
Аталған мәселені шешу үшін жол бойына құрал-жабдықтар қойылған 5 бақылау аркасы орнатылады. Олар жүк автокөлігі мен төленетін жолақы мөлшерін санап, тиісті шотты жүк көлігі иесіне электрондық форматта жіберіп отырады.
Әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдаушыларға локомотивтік тартым қызметін көрсетуге қатысты оператордың шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялауды регламенттеу және субсидия көлемін анықтау жайы да қарастырылды. Бұл мәселелер Министрлік деңгейінде кейбір заңнан туындайтын актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы іске асырылады.