Бүгін Сенаттың пленарлық отырысында жаңа ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев алғаш рет баяндама жасап, «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды,деп хабарлайды Jana-kezen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Келісім Халықаралық қаржы корпорациясы офисі қызметінің негізгі ережелерін, сондай-ақ қызметкерлер үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді», – деді Ерғалиев.
Келісімге 2020 жылғы 28 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды.
Министр Халықаралық қаржы корпорациясы 1956 жылы құрылғанын, ірі халықаралық даму институты болып табылатынын еске салды.
Негізгі қызмет жеке сектордың дамуына жәрдемдесуге бағытталған.
Халықаралық Қаржы Корпорациясы Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді.
ХҚК офистері әлемнің 104 елінде бар. Сонымен бірге, өңірлік офистер әлемнің тек 13 қаласында, оның ішінде Алматыда орналасқан.
«Халықаралық қаржы корпорациясы Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асыруда. Осы кезеңнен бастап, 1.6 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жобалар қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 70%-ын құрайды. Аталған Келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді», – деп атап көрсетті Ұлттық экономика министрлігі басшысы.
«Халықаралық қаржы корпорациясы елімізде 77 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде, мұнай-газ, тау-кен, өңдеу, ауыл шаруашылығы және логистика салалары бар. Келешекте Корпорация экономиканы дамытуға 1.7 млрд. доллар инвестиция салады. Жобалар, оның ішінде инфрақұрылым және ауыл шаруашылығын дамытуға арналады», – деп атап өтті Ә.Ерғалиев депутат Рысқали Әбдікеровтің Корпорацияның қызметі туралы сауалына жауап бере келіп.