Бүгін, 16 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитіне бейнебайланыс арқылы қатысады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Ғылым, технология және инновация: жаңа белестерге жол ашу» атты тақырып бойынша өтетін виртуалды саммитке Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етеді.
Берік Уәлидің айтуынша, жиында ғылым, технология және инновация салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ, 2026 жылға дейінгі аталған бағыттардағы ИЫҰ бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланбақ.
Жалпы ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммиті Қазақстанның бастамасымен өтіп келеді.
Алғашқы саммит 2017 жылдың қыркүйек айында елордада өткен болатын.
Бүгінгі іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де басталады деп жоспарланған.
Саммиттің тікелей көрсетілімін мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/user/OICofficial