Сирек металдар өндірісінің қазақстандық желісі жаңа өнімдермен толықтырылды

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында республикадағы сирек металдар секторының әлеуеті туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Министр сирек металдар секторының экономиканы әртараптандыру және жоғары технологиялық өндірістерді құру үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
Қазірде отандық өнім экспортқа шығарылады және әлемдік ірі өндірушілердің авиация, теңіз техникасы, электроника және электр көліктері өндірісінде қолданылады.
Соңғы екі жылда отандық өндіріс ассортименті жаңа өнімдермен толықты. Мысалы, техникалық селен және жоғары таза марганец сульфатының моногидраты альтернативті энергетика саласында қолданылады.
Биыл галлий шығаратын өндіріс іске қосылады. Өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металлды жеткізу бойынша офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар жылына 2,4 мың тонна тазартылған сурьма өндірісін іске қосу жоспарлануда. Осылайша, еліміз металлургияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді, — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

