AgroБасты

2020 жылы Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау көлемі 13%-ға артты

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрі өткен жыл ел экономикасы мен агроөнеркәсіп кешені үшін күрделі болғанын, бірақ дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекеттік аграрлық саясаттың басымдықтарын ұстану пандемия жағдайында отандық АӨК-нің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Оның айтуынша, 2020 жылы дағдарысқа қарсы шараларды есептегенде мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 13%-ға артық.

Қолдау тетіктері жылдам жеңілдетіліп, толық автоматтандырылды. Бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ субсидиялауға қойылатын талаптар өзгертіліп, шағын және орта фермерлерді мемлекеттік қолдаумен қамту көлемі де ұлғайтылды.

Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай ережелерге біріктіріліп, өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды белгілі бір уақытта ғана емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтерді сатып алынған күннен бастап бір жылдың ішінде алу мүмкіндігі жасалды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, АӨК-ті Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы арқылы қаржыландыру көлемі өсіп, 446 млрд теңгені құрады. Осының есебінен 57 ірі жоба іске қосылды. Сондай-ақ, ауылды жерлерде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Фермерлердің кепілдікке қоятын мүліктерінің жетпеу проблемасын шешу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы Екінші деңгейлі банк несиелерін кепілдендірудің жаңа механизмі енгізілді. Бұл механизм АӨК субъектілерінің банкке қажетті соманың небәрі 15-тен 50%-на дейін ғана кепілдік қоюларына мүмкіндік береді. Қалғанын мемлекет кепілдендіреді.

Тағы бір жаңалық – Агроөнеркәсіп кешеніне ерікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жүйе сақтандыру сыйақыларының 50%-ын субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау. Іра қара малды сақтандыру өнімі алғаш рет іске қосылды. Тәуекелдердің қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қасақана әрекеттері, қауіпті табиғи немесе стихиялық құбылыстар, жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағайдың түсуі, тұншығу, жыртқыш аңның шабуылы және т.б. кіреді.

2020 жылғы көктемгі егін егу және егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша астық егетін алты өңірде фермерлер 115 мың гектар дәнді және майлы дақыл егіс алқаптарын сақтандырды. Сақтандыру жағдайларының нәтижесінде 518,2 млн теңге төленді.  

Сонымен қатар, Сапархан Омаров 2020 жылғы егін егу науқанын ұйымдастырудағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің атқарған жұмысы туралы баяндады. Бұл кездегі науқан Сovid-19 пандемиясы салдарынан елде төтенше жағдай жарияланып, енгізілген ең қатаң шектеулермен тұспа-тұс келді. Көктемгі дала жұмыстары сала үшін бұрын-соңды болмаған, мүлдем жаңа жағдайда өткенін атап өтті, министр.

«Министрлік үкіметтің қолдауымен фермерлердің кедергісіз жүріп-тұруын, жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер, тұқым, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы жұмыс алгоритмін құрды. 

Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша фермерлерге көмек ретінде 24,5 млрд теңгеге дәнді және майлы дақылдарды кепілді форвардтық сатып алу механизмі іске асырылды», – деді министр Сапархан Омаров.

Қабылданған шаралардың арқасында көктемгі егін егу және күзгі егін жинау жұмыстары сапалы әрі оңтайлы уақытта жүргізілді. Сонымен қатар, егін жинау жұмыстары 2019 жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталды.

Нәтижесінде 20 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Жоғары сапалы бидайдың (1-3-сыныптар) үлесі 80%-ға дейін ұлғайды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 50% болған еді.

Сондай-ақ, министр егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижелері туралы деректерді келтірді. Осы жұмыс аясында жоғары өнімді дақылдар өндірісі артқан. Мәселен, көкөніс – 4,9%-ға (4,3 млн тонна), бақша – 1,8%-ға (2,4 млн тонна) және картоп – 2,4%-ға (4 млн тонна) өскен.

Естеріңізге сала кетейік, карантин талаптарына байланысты министрдің халыққа есеп беру кездесуі онлайн-форматта өтуде. Іс-шараның тікелей көрсетілімі Youtube-арнасында және министрліктің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жүреді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button