Фермерлер тұқыммен, тыңайтқыштармен және дизель отынымен толық қамтамасыз етілді
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын толық көлемде және тиімді мерзімде жүргізуге жағдай жасауды қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Бұл тапсырманы орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шараларды қабылдады. Біз фермерлермен үнемі байланыста болып, қолдау көрсетіп келеміз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқыммен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді», – деді спикер.
Атап айтқанда, жарты миллион тонна минералды тыңайтқышты тиеп, жөнелтуге шарт жасалды. Бүгінгі таңда фермерлерге 400 мың тоннаға жуық жүк жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 мың тоннаға көп.
Сондай-ақ, фермерлердің өтініштерін ескере отырып және тыңайтқыш себу көлемін төмендетіп алмау үшін Министрлік 2023 жылға дейін агрохимиялық картограммалар ұсыну жөніндегі талаптың қолданылуын тоқтатты. Бірақ, топырақты міндетті түрде агрохимиялық тұрғыдан зерттеу жөніндегі талап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану қағидалары аясында қарастырылатын болады.
«Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру аяқталғанын атап өткім келеді. Биыл көктемгі егін егу жұмыстарына 128 млрд теңге қаржы жұмсалды. Жалпы, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша егіс науқанын 3 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Егін егу науқаны толық аяқталғаннан кейін химиялық өңдеу жұмыстарына дайындаламыз», – деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар, ол «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша республиканың басым бөлігінде маусым айы ыстық әрі жауын-шашын мөлшері нормадан сәл аз болатынын айтып өтті.