PoliticsБасты

Үкімет басшысы Маңғыстау облысында халықты вакциналау барысымен танысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында АӨК, көлік, туризм салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, сондай-ақ халықты вакциналау барысымен танысты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Түпқараған ауданында Үкімет басшысы биыл сәуір айында пайдалануға берілген «Ақтау Агро» ЖШС құс фабрикасына барды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 5 мың тонна тауық етін құрайтын инкубатор цехы, өндірістік кешені және құс сою цехы бар. Құс фабрикасы Маңғыстау облысының ішкі нарығының құс етіне қажеттілігін 50% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өнімнің бірінші партиясын осы жылдың маусым айының соңында өңірдің сауда сөрелеріне жеткізу жоспарлануда.

Инвестициялардың жалпы көлемі 5,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 90-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Мұнайлы ауданында Премьер-Министр 85 га аумақта салынып жатқан «Aktau Green House» ЖШС жылыжай кешенінің құрылыс жобасымен танысты. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 26 млрд теңгені құрайды. Биылғы желтоқсан айына қарай кәсіпорында 180-нен астам жұмыс орны құрылады, ал өндіріс көлемі жылына 8 мың тонна көкөністі құрайды. Екінші кезеңде – 2022 жылдың соңына қарай жұмыс орындарының саны 430-ға дейін, ал жылыжай кешенінің қуаты 13 мың тонна өнімге дейін ұлғайтылады.

Үкімет басшысы халықаралық әуежайдан Ақтау курорттық аймағына дейінгі жолды реконструкциялау, республикалық маңызы бар «Жетібай – Құрық» автомобиль жолын күрделі жөндеу барысын, сондай-ақ өңірдегі басқа да автожол жобаларының іске асырылуын тексерді.

А. Мамин Ақтау қаласының туристік инфрақұрылымының құрылыс алаңдарын — тақырыптық ойын-сауық паркін, гольф-клубын, апартаменттер мен жалпы саны 600-ден астам нөмірі бар Fairmont, Hilton, Aqualina Resort брендтерінің қонақ үйлерін аралады.

Үкімет басшысы жоспарланған нысандар құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Премьер-Министр «Ясин» медициналық орталығында болып, өңір тұрғындарын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау барысымен танысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button